Иманғали Тасмағамбетовтің қатысуымен ҰҚШҰ-ның биылғы алғашқы отырысы өтті

None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат – Сейсенбі күні Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Тұрақты кеңесінің отырысы барысында ұйымның жаңа бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов ресми түрде таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҰҚШҰ баспасөз хатшысы Владимир Зайнетдиновтың айтуынша, ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімімен Ұйымның Бас хатшысы қызметіне тағайындалған Иманғали Тасмағамбетовті Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің (ҚҚКК) төрағасы, Беларусь Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің мемлекеттік хатшысы Александр Вольфович таныстырды.

«Осы жоғары лауазымға Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовтің кандидатурасын Қазақстан басшылығы ұсынды және ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің 2022 жылғы 23 қарашадағы шешімімен мақұлданды. Ол 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін үш жыл қызмет етеді», - деді Қауіпсіздік Кеңесінің мемлекеттік хатшысы Александр Вольфович.

Ол И.Тасмағамбетовтің әр жылдары Қазақстан Республикасында түрлі мемлекеттік қызметтер атқарғанын атап өтті.

Тұрақты кеңес мүшелері мен Бас хатшылардың орынбасарлары, Біріккен штаб бастығы және ҰҚШҰ хатшылығының құрылымдық бөлімшелерінің басшылары алдында сөйлеген сөзінде И.Тасмағамбетов өзінің ҰҚШҰ Бас хатшысы қызметіне тағайындалуы – ол үшін үлкен мәртебе және үлкен жауапкершілік екенін айтты.

«ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің басшыларына Ұйымның жұмыс құрылымын басқаруға сенім білдіргені үшін алғысымды білдіргім келеді. Әлем үлкен геосаяси сынақтардың куәсі болып отыр, өте күрделі саяси, экономикалық және басқа да проблемаларды шешуге тура келеді. ҰҚШҰ алдында одан кем емес күрделі міндеттер тұр. Осы сын-қатерлер мен проблемалардың барлығы біздің Ұйымның шешуші рөліне, оның беделі мен аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді тетігі болу қабілетіне әсер етеді», - деді жаңа бас хатшы.

Бұған дейін хабарланғандай Иманғали Тасмағамбетов Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бас хатшысы лауазымына тағайындалды.

Автор: Нарымбек Ысмағұлов

Фото:odkb-csto.org


Соңғы жаңалықтар