Иманғали Тасмағамбетов бүгіннен бастап жаңа қызметке кірісті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 1 қаңтардан бастап Иманғали Тасмағамбетов Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бас хатшысы лауазымына кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұйымның сайтына сілтеме жасап.

Иманғали Тасмағамбетов бас хатшы қызметіне 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 3 жылға тағайындалды.

Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі ҰҚШҰ-ның жоғары органы саналады.

Оның құрамына мүше мемлекеттердің басшылары, атап айтқанда Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей Президенттері кіреді. Дәл осы кеңестің келісімімен ҰҚШҰ бас хатшысы тағайындалады.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бұл қызметті Беларусь елінің өкілі генерал-лейтенант Станислав Васильевич Зась атқарып келді.

Бұған дейін ҚазАқпарат бұл тағайындау туралы хабарлаған болатын.

Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов 1956 жылы 9 желтоқсанда Гурьев (қазіргі Атырау) облысында дүниеге келген.

1991 жылдан - ҚР Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы. 1993 жылдан - ҚР Президентінің көмекшісі. 1995 жылдан - ҚР Премьер-министрінің орынбасары.

1997 жылдан - ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Білім және мәдениет министрі.

1997 жылдан - ҚР Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі.

1998 жылдан - ҚР Президентінің бірінші көмекшісі. 1999 жылдан - Атырау облысының әкімі. 2000 жылдан - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

2002 жылдан - ҚР Премьер-Министрі. 2003 жылы - ҚР Мемлекеттік хатшысы.

2004 жылы ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды. 2004 жылдың желтоқсан айынан 2008 жылдың сәуіріне дейін - Алматы қаласының әкімі.

2008 жылғы сәуір айынан бастап - Астана қаласының әкімі. 2014 жылдың қазанынан ҚР Қорғаныс министрі болды.

2016-2017 жылдары - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

2017 жылы Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды.

Ал 2019 жылы 18 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Иманғали Нұрғалиұлы зейнет жасына толуына байланысты Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылған еді.


Соңғы жаңалықтар