Imanbek туындысы 1 млрд мәрте тыңдалғаны үшін Spotify сыйлығын жеңіп алды
2022 жылғы 18 қаңтар 08:18

Imanbek туындысы 1 млрд мәрте тыңдалғаны үшін Spotify сыйлығын жеңіп алды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық диджей Imanbek Spotify сервисінің арнайы сыйлығына ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ресурстың баспасөз қызметі таратқан мәліметке сенсек, Imanbek - ТМД бойынша трегі 1 млрд-тан аса мәрте тыңдалған тұңғыш музыкант. Ол бұл межеге өткен жылдың қазан айында жеткен.

Оның Roses-Imanbek Remix атты әуенін тыңдағандар саны бүгінде әлем бойынша 1,5 миллиардтан асып кетті.

Музыка сервисі диджейді құттықтап, сыйлықты табыстады.

«Артисті осындай ірі жетістікпен және клубқа қосылуымен құттықтаймыз. I is for Imanbek!» делінген хабарламада.

Осылайша Imanbek Billions Club-қа қосылды. Оның плейлист бойынша «көршілері» - Билли Айлиш, Трэвис Скотт, Адель және басқа әлемдік атақты музыканттар.

Мұның алдында Spotify-дың дәл осы марапаты канадалық рэпер Дрейк, норвег диджейі Kygo және британ әншісі Дуа Липаға тапсырылған еді.

Айта кетейік, аталған ремиксімен әлемдік музыка чарттарында қара үзіп алға шыққан Иманбек Зейкенов ән әрлеуді жергілікті диджейлер мен продюсерлерден және Youtube желісіндегі видеосабақтан үйренген.

2019 жылдың жазында Иманбек Saint Jhn атты рэпердің Roses атты әнін тауып, соған ремикс жазуды қолға алады.

Бұл композиция үш жыл бұрын шығып қойған болатын. Иманбек әнге ремикс жазып, оны әлеуметтік желіге жариялады. Арада бірнеше ай өткенде ол поп жұлдызға айналды.

Өткен жылы қазақстандық музыканттың Roses әніне жазылған ремиксі Grammy сыйлығын жеңіп алды.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT