Илон Масктің Марсқа ұшатын зымыраны сынақ кезінде жарылып кетті

None
None
ТЕХАС. ҚазАқпарат – Сәрсенбі күні Техас штатының Бока-Чика аймағында іске қосу кешенінде SpaceX компаниясына тиесілі Starship Mk1 ғарыш кемесінің бірінші портотипі сынақтан өту барысында жарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат CBSNews-ге сілтеме жасап.

Метан мен оттегіге арналған цистерналар криогендік сұйықпен толтырылған кезде кеменің жоғарғы бөлігі жарылып кеткен.

SpaceX компаниясы мәлімдемесінде сынақтың мақсаты кеме жүйелеріндегі қысымды барынша арттыру екенін және оның нәтижесі ойдағыдай болмағанын атап өтті.

«Қызметкерлердің ешқайсысы зардап шеккен жоқ, ал бұл оқиға жұмысты одан әрі тоқтатпайды», - делінген мәлімдемеде.

Сондай-ақ компания кеменің бүлінген прототипін жөндемей, бірден Mk3 тәжірибелі нұсқасын құруға кірісетінін жеткізді.

SpaceX компаниясының негізін қалаушы Илон Маск Техас штатында 28 қыркүйекте Starship кемесі прототипінің тұсаукесерін өткізіп, алғашқы орбиталық ұшу алдағы айларға жоспарланғанын мәлімдеген болатын. Ғарыш кемесін жасаушылардың ойынша, Starship жолаушылар мен жүктерді Жер орбитасына, Айға және ең соңында Марсқа жеткізеді.

Соңғы жаңалықтар