Илон Маск пен мыңнан астам сарапшы нейрожүйелерді оқытуды тоқтату талабын қойды

None
НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат – Илон Маск пен жасанды интеллект саласындағы мыңнан аса сарапшы қуатты нейрожүйелерді оқытуға мораторий енгізуді талап етті. Айтуларынша, бақыланбайтын аталған процесс адамзатқа қауіп төндіруі мүмкін. Бұл туралы Future of Life Institute сайтында жарияланған жасанды интеллект саласындағы сарапшылардың ашық хатында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жасанды интеллектің (ЖИ) барлық зертханаларын қуаты GPT-4-тен асатын жасанды интеллект жүйелерін оқытуды кем дегенде 6 айға дереу тоқтатуға үндейміз. Үзіліс туралы жариялы түрде мәлімдеу керек. Оның орындалуы қадағаланып, саладағы ең негізгі қатысушылар қамтылуы тиіс. Егер қысқа уақытта мұндай үзіліс жасау мүмкін болмаса, онда бұл жағдайға үкіметтер араласып, мараторий енгізуі тиіс», - делінген хатта.

Сарапшылардың пайымынша, ЖИ зертханалары мен тәуелсіз сарапшылар бұл «демалысты» қауіпсіздіктің ортақ хаттамасын әзірлеп, енгізу үшін пайдалануы қажет. Бұл тәуелсіз сыртқы сарапшылар тексеріп, қадағалай алатындай ЖИ-дің озық жүйелерін жобалап, әзірлеп шығаруға мүмкіндік береді.

Сарапшылардың ұсынысы – жасанды интеллект мәселелерімен айналысатын жаңа реттеуші орган құру үшін саясат саласына, сондай-ақ жаңа жүйелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік деңгейдегі бақылау жүйесіне өзгеріс енгізу.

Ашық хатқа қол қойғандар арасында Apple негізін қалаушы Стив Возняк, жетекші сарапшылар Стивен Расселл және Иошуа Бенджио, ақпараттық технология саласындағы 1100-ден астам ірі маман бар.


Соңғы жаңалықтар