Илон Маск Дональд Трамптың Twitter-аккаунтын блоктан шығарды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Америкалық кәсіпкер Илон Маск Американың экс-президенті Дональд Трамптың Twitter-дегі аккаунтын блоктан шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


Кеше И.Маск Twitter-дегі жеке парақшасында сауалнама бастаған болатын. Ол: «Бұрынғы президент Трампты қайтару», - деп жазып, таңдауға екі нұсқаны ұсынды: «иә» немесе «жоқ». Дауыс беру 24 сағатқа жалғасты. Бір тәулікте 15 миллионнан сәл астам адам таңдау жасады. Олардың 51,8% проценті Трамп аккаунтын қайтаруды қолдаса, 48,2% қарсы екенін білдірді.
Илон Маск сауалнама нәтижесін Twitter-де жариялады. Жазуынша, сауалнаманы 134 млн адам оқыған.
Еске салайық, 2021 жылдың қаңтарында Twitter әлеуметтік желісі АҚШ-тың сол кездегі президенті Дональд Трамптың аккаунтын біржолата блоктап тастаған болатын.
Трамп ел басшысы лауазымында 26 мыңнан астам твит жариялаған. Күніне орта есеппен 18 твит жазып отырған.
Илон Маск биылғы қазан айының соңында Twitter-ді 44 миллиард долларға сатып алған еді.

Соңғы жаңалықтар