Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы ағылшын тілінде таныстырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Ілияс Жансүгіровтің ағылшын тіліне аударылған «Құлагер» кітабы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құлагер» поэмасын ағылшын тіліне Пастернак, Мандельштам және Цветаеваның аудармаларымен танылған ақын және аудармашы Белинда Кук аударған және ол ақынның 125 жылдығына орайластырылған.
Сонымен бірге, аудармамен қазақ және ағылшын тілдерін жақсы білетін аудармашылар мен кеңесшілер тобы жұмыс істеді. Оның арнайы поэтикалық үлгісі мен метафоралық дыбыс жүйелері жасалғаннан кейін ғана Белинда Кукқа жіберілді.

«Бұған дейін «Құлагер» поэмасы орыс және неміс тілдеріне аударылған болатын. Онда әрбір аудармашы жанын сала жұмыс істеді. Маған да «Құлагердің» ағылшын тіліндегі нұсқасына атсалысу бұйырыпты. Себебі, Белинда Кукке қазақ тіліндегі кейбір қазақша сөздерді түсіндіру қажет болды. Мысалы, ет тағамын дастарханға алып келетін «табақшыларды» ағылшын тілінде «waiter» (ағылш. - даяшы) деп беруге тура келді. Бірақ бұл сөйлемде «табақ» сөзін сақтап қалдық», - деді BBC журналисі, аудармашы Роза Құдабаева.

Тұсаукесерге келген профессор, Назарбаев Университетінің Қазақ әдебиеті және түркі зерттеулері кафедрасының меңгерушісі Юлай Шәмілоғлы поэма аудармасына жоғары баға берді.
«Мен АҚШ-та Түркітану, түркі әдебиетінен сабақ бердім. Осындай еңбектер ағылшынтілді аудитория үшін өте маңызды. Себебі, Қазақстан мен түркі дүниесінен бөлек елдерде қазақ тілін оқытудың өте аз үлгісі бар. Әсіресе, 1920-1930 жылдардың поэзиясы бойынша аударма өте аз. Аударманың сапасы жоғары және олар тікелей қазақ тілінен ағылшын тіліне аударуға тырысты. Бұл да ерекше атап өтерлік жайт. Бір поэма арқылы тұтас қазақ халқымен танысу мүмкін емес шығар. Десе де, осы еңбек арқылы дәстүрлі қазақтың мәдениеті, өмір салты, тойлары туралы көп түсінік береді. Алдағы уақытта 100 кітап бағдарламасы арқылы көбірек аударма жариялап, қазақтың жауһар туындыларын әлем оқырмандарына ұсыну қажет», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар