Іле-Балқаш резерватында тұран жолбарысы мекендейтін болады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Халықаралық жабайы табиғат қоры World Wildlife Found (WWF) пен ҚР АШМ Орман шаруашылығы комитеті бірлесе отырып Алматы облысына Тұран жолбарыстарын қайтармақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы бүгін Қазақстан баспасөз клубында өткен баспасөз мәслихаты барысында белгілі болды.

Тұран жолбарыстарын қазақ жеріне қайтару ісіне атсалысып жүрген ерікті Тимофей Банниковтың айтуынша, алдағы 5 жылда жолбарыстарға арналған территорияда күзет, қорек базалары дайындалады.

«Алматы облысының Балқаш көлінің оңтүстік жағалауында ерекше қорғаудағы аймақ ашылады.

Осы аймақта Тұран жолбарыстары жіберіледі. Қазір біз аталған жобаның бастапқы кезеңінде тұрмыз. Алғашқы 5 жыл қорек базасын жасауға жұмсалады. Тек 2023 жылға таман Ресейден жолбарыстарды қоныстандырамыз. Бастапқыда Ресейден 20-30 шақты жолбарыс әкелініп, әрқайсының мойнына  қамыт тағылады. Бұл қамыттар арқылы қашықтан олардың қайда жүргенін бақылауға болады. Қамыттағы батарея қуаты 1-1,5 жылға жететін болады», - деді Т.Банников.

Аталған жобаны жүзеге асыру үшін Қазақстанда краунфандинг алаңы ашылады.

60 күнге созылған краудфандингтің қорытындысы бойынша 2 200 000 теңге жинау көзделіп отыр. Аталмыш сома мектеп оқушыларына арналған арнайы білім беру контенттерін жасауға жұмсалады.

Биология пәнінен шығарылатын материалдардың шығарылымы оқушылардың үш жас категориясына арнап екі тілде жасалады.

Тұран жолбарыстарын елімізге қайта оралуын қалаған кез келген адам www.start-time.kz. сайтына кіріп, қалаған сомасын аудара алады. Қомақты қаражат көлемін аударған жандарға платформа тарапынан футболка, төсбелгі, салпыншақ әшекейлер қарастырылған.

Сонымен қатар, тұран жолбарысы туралы арнайы сайт жасалады.

Айта кету керек, жыртқыш аңдар торға қамалмайды. Олар жергілікті халыққа қауіпті болмас үшін «Конфликтный тигр» мобильдік қосымшасы іске қосылады.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан жерінде соңғы тұран жолбарысы 70 жыл бұрын өлген. Болашақта Қазақстандағы Іле-балқаш резерватында 200 тұран жолбарысы мекендейтін болады.

Соңғы жаңалықтар