Илья Ильин спортты тастап, сұлулық салонын ашпақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауыр атлет Илья Ильин Халықаралық олимпиада комитетінің шешіміне көніп, Бейжің және Лондон Олимпиадаларындағы алтын медальдарын тапсырамын деп мәлім етті.

«Заңның аты заң, мен Бейжіңдегі медалімді бермей қоя алмаймын. Сол жылы екінші орын алған Шимон Калецке беруге тура келеді. «Кешір, саған медальді бере алмаймын» деп айта алмаймын, себебі, ол менің досым, ал достық ұғымы мен үшін қасиетті»,-деді ол журналистерге арналған баспасөз мәслихатында.

«Ал, Лондондағы медальді кімге берерімді білмеймін, себебі, ол Олимпиадаға қатысқан жігіттердің көбі, 9-шы орынға дейін допинг дауына тап болды. Оныншы орын алған жігіт тіпті допинг-бақылаудан өткен де жоқ. Олардың барлығы допинг-бақылаудан өтсін, себебі мен медальді әділ түрде тапсырғым келеді»,-дейді спортшы.

Ауыр атлет Олимпиада ойындарына сегіз жыл бойы қатыса алмайтынын мойындады. Илья Ильин Ұлттық командалар штаты дирекциясынан кету туралы арыз жазыпты.

«Сүйікті жұмысымнан айырды...Спорттағы карьерам өкінішке қарай осымен бітті, сондықтан, бұл кітапты жауып, келесі есікті ашу керек»,-деді Илья Ильин.

Спортшы дегенмен ауыр атлетиканы мүлде тастап кетпейтінін де айтты. Болашақта спортшы коммерциялық негізде ауыр атлетикаға қайта оралуы мүмкін. Илья тіпті анасының ісіне қосылып, Астанада сұлулық салонын ашуды да ойлап жүр екен. Дегенмен,Халықаралық олимпиада комитетінің шешіміне қатысты апелляция беруім де мүмкін, деді Илья. Бірақ, Қазақстанның ауыр атлетика федерациясындағы адвокаттардың қолынан түк келмеген соң, Илья апелляция беру үшін басқа қорғаушылар табуым керек, дейді ол.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитеті Халықаралық Олимпиадалық комитеті тарапынан ағзасынан тыйым салынған препараттардың ізі табылған 2008 және 2012 жылдардағы Олимпиада ойындарына қатысқан қазақстандық спортшы Илья Ильинге қатысты жаза қолданылғандығы туралы ресми хабарлама алды. Халықаралық Олимпиадалық комитетінің тәртіптік комиссиясы 2008 жылы Бейжіңде және 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарының жеңімпазы, 94 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақстандық ауыр атлет Илья Ильиннің «А» және «В» допинг сынамаларының қосымша тексеру қорытындысы бойынша қазақстандық спортшыны сол Ойындардан шеттетіп, көрсеткен нәтижелерінің күшін жойып, жүлделерін қайтарып алу туралы шешім шығарды.

Соңғы жаңалықтар