Илья Ильин шілдеде А.Храпатый атындағы турнирдің тұғырына көтерілмек ниетте

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемнің үш дүркін чемпионы, Олимпиада ойындарының екі мәрте жеңімпазы зілтемірші Илья Ильин шілдеде өтетін Анатолий Храпатый атындағы турнирге қатысады. Ауыр атлетші жерлесіміз бен оның командаластары Еуропадан оралып, жаттығуды Қазақстанда жалғастыруға да кіріскен. Бұл туралы Vesti.kz. жазады.

«Еуропадағы жаттығу жиыны керемет өтті деп айтуға болады, ал егер менің өзіме келсек «70 пайызға дайынмын» деп бағалай аламын. Әлбетте, жарысқа дейін (Алматыда өтетін әлем чемпионаты-авт.) жарты жылдай уақыт бар. Ендеше, 100 пайыздық нәтиже көрсету үшін де уақыт жеткілікті деген сөз», - дейді Илья Ильин.

Оның айтуынша, қазақстандық команданың дайындығын да жоғары бағалауға болады. «Жарақаттанған ешкім жоқ, толығымен Азия ойындары мен Алматыда өтетін әлем чемпионатына әзірлікке кірісудеміз», - деді зілтемірші. И. Ильинның айтуынша, қазір қазақстандық команда екі айлық жаттығу жиынын Астанада өткізу үшін жиналуда. «Мен Алматыға шілде айында қайта ораламын. Осында Анатолий Храпатый атындағы турнирде өзімнің бар шеберлігімді көрсетсем деймін. Өйткені, бұл әлем чемпионатының іріктеу туринирі болып саналады», - дейді И. Ильин.

Еске сала кетсек, Алматыдағы әлем чемпионаты ағымдағы жылдың қараша айына жоспарланған. Азия ойындары да осы әлем чемпионатының қарсаңында өткізілетіні мәлім. Ал Илья Ильин негізінен әлем чемпионатына ғана қатысуды нысанаға алып отыр. «Егер Азиада мен әлемдік доданың аралығында тым болмаса үш айлық үзіліс болғанында оны да көруге болатын еді. Дегенмен, менің басты мақсатым - Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада, соған барымды салуға тиіспін. Сондықтан тәуекелден тартына тұрғанды жөн санадым», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар