Ильхам Әлиев Қазақстан Президентін Физулиде салынып жатқан Құрманғазы атындағы орталықтың ашылуына шақырды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Физулиде салынып жатқан Құрманғазы атындағы балалар шығармашылығы орталығының ашылуына шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өзімнің және барша Әзербайжан халқының атынан Гейдар Әлиевті құрмет тұтуларыңызға, оның есімімен Қазақстан астанасының орталық көшелерінің бірін атағандарыңыз, әкемді және Әзербайжан халқының ұлы көшбасшысын құрмет тұтқандарыңыз үшін тағы да ризашылығымды білдіргім келеді. Сонымен қатар азат етілген Қарабақта Құрманғазы атындағы балалар шығармашылығы орталығын салу туралы жеке шешіміңіз үшін де алғысымды білдіремін. Іс жүзінде құрылыс қазірдің өзінде өте қарқынды жүргізіліп жатыр және осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сізді аталған орталықтың ашылуына шақырамын», - деді Ильхам Әлиев Ақордада Қазақстан Президентімен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында.

Оның пайымынша, аталған орталық екі халықтың достығы мен бауырластығының жақсы нышаны болмақ.

«Өйткені, бізге қираған инфрақұрылымды, оның ішінде әлеуметтік инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр және де бауырлас Қазақстаннан мұндай бастама бүкіл әзербайжандықтарда зор ризашылық сезімін тудырары сөзсіз», - деді Ильхам Әлиев.


Соңғы жаңалықтар