iKomek қызметі: Астаналықтарды ең көп мазалайтын мәселелер қандай

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық әкімдігіне қарасты iKomek орталығының басшысы Жәннат Дүбірова астаналықтар көп жағдайда қандай мәселелермен хабарласатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Иә, бізге жиі келіп түсетін сұрақтар бойынша автоматты түрде талдау жүргізіледі. Ешқандай жеке-жеке бөлуді қажет етпей-ақ, ол мәселелердің қандай екенін айта аламыз. Астаналықтарды мазалайтын ең маңызды сұрақтардың алғашқысы - қоғамдық көлік қызметінің мәселелері. Екіншісі - қоғамдық денсаулық сақтау мәселелері бойынша сұрақтар. Яғни, елордалықтар ауруханалардағы қызмет сапасына қатысты өтінімдерді жолдап отырады. Үшіншісі - әртүрлі анықтамалық сұрақтар бойынша сауалдар келіп түседі. Халық көп жағдайда қандай бағытта қандай автобустар жүретінін, қандай мерекелік шаралар өтетінін білу үшін хабарласады», - дейді Жәннат Дүбірова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, астаналықтардан коммуналдық төлемдер жайы бойынша сұрақтарды әр айдың 15-нен кейін қарша борайтын көрінеді. Орталықтағы қызметкерлер коммуналдық төлемдер жүйесіне шыға алатындықтан, тұрғындардың ЖСН нөмірімен-ақ тиісті кеңестерді бере алады.

«Сонымен бірге, білім саласындағы сұрақтар жиі келіп түседі. Білім жайлы сұрақтар әсіресе бізде суық түскен кезде жиілеп кетеді. Яғни, қалалықтар бізге хабарласып, мектепте сабақ бола ма, жоқ па соны білгісі келеді. Біз осы сұрақ өте жиі қойылатындықтан, цифрландыру жолымен ақпаратты қалалық әкімдіктің сайтына орналастыратын болдық. Демек, біздің базаға ол туралы белгілі бір ақпарат келіп түсетін болса, ол интеграцияланған түрде әкімдіктің сайтына түседі», - дейді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Жәннат Дүбірова iKomek орталығы 2018 жылдың қаңтар айында құрылып, барлық коммуналдық қызметтердің және қалалық басқармалардың, атап айтқанда 4 аудандық әкімдіктің, 17 қалалық әкімдік басқармаларының, 33 коммуналдық және апаттық қызметтерінің, 81 лифт шаруашылықтарының нөмірін 1-0-9 нөміріне біріктіргенін атап өткен еді.

Соңғы жаңалықтар