ІІМ: Жол қауіпсіздігі аудит институтының енгізілуі жол апаттарын азайтуға септігін тигізеді

None
None
АСТАНА. 4 маусым. ҚазАқпарат - Жол қауіпсіздігі аудит институтын енгізу адами фактордан болатын жол апаттарын азайтуға септігін тигізеді. Бүгін Мәжілісте «Жол жүрісі туралы» заң жобаларын талқылауға арналған дөңгелек үстелде ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Амантай Күреңбеков осылай мәлім етті.

Еске салсақ, Мәжілісте талқыланып жатқан заң жобасының басты жаңалықтарының бірі - жол-көлік оқиғаларының орын алу тәуекелін тудыратын ақауларды ерте анықтау мақсатында жолдар мен автокөліктердің технологиялық дайындығын қадағалау. Осыған орай, дайындық сараптамасын өткізетін жол жүрісі қауіпсіздігінің аудиті институтын енгізу қарастырылуда. Аудит институты негізінен дер уақытында өзгерістер енгізу үшін жобалау кезеңінде немесе құрылыстың бастапқы кезеңдерінде жолдың техникалық жобасындағы қауіпсіздік қаупін анықтауға мүмкіндік береді. Ал сараптама барысында ұсынылатын жаңа немесе жаңартылған жол ашылғаннан кейін оны пайдалану деңгейі бағаланады.

Министр орынбасарының айтуынша, аудит институтын енгізу қауіпсіздікті арттыруға қатысты шығындарды едәуір үнемдеуге септігін тигізеді. Өйткені, ондағы тәжірибелер жол салу аяқталғаннан кейін емес, жол құрылысы барысында ескерілетін болады. Бұндай институттың тиімділігі әлемдік тәжірибелерде де байқалған. «Жалпы әлемдік тәжірибеге сүйенсек, жол салынып, ол қолданысқа берілгеннен кейін бір нәрсені өзгертуден гөрі оның кемшіліктерін жобалау немесе құрылысын салу кезеңінде жоюдың едәуір арзан болатынын айғақтайды. Сондықтан да, осы аудит институтын енгізу адами фактордан болатын жол апаттарын азайтуға септігін тигізеді», - дейді А. Күреңбеков.

Соңғы жаңалықтар