ІІМ полиция қызметкерлерінің баспана мәселесін шешудің жаңа амалын ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Тың бастама туралы Әділет министрлігінде өткен ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл ішкі істер органдарының жұмысын жаңғыртуға қатысты жол картасының қабылдануына орай, құқық қорғаушыларды әлеуметтік тұрғыда қорғау бойынша шаралар қабылданғалы жатыр. Осыған байланысты, ішкі істер қызметкерлеріне тұрғын үй бойынша берілетін төлем механзмдері айқындалады. Себебі, Ішкі істер министрлігінде өзіндік тұрғын үй қоры жоқ. Сол себепті, қазіргі таңда қызметкерлерге қызметтік тұрғын үйдің орнына айына жалға берілетін үй үшін өтемақы беріліп келеді. Ол ақша айналып келгенде жалға беретін үй иесінің қалтасына кетіп жатыр. Ақыры, зейнетке шыққан кезде біздің қызметкерлер үйсіз қалады», - деді Алексей Калайчиди.

Вице-министр осыған байланысты әскери қызметшілер секілді ішкі істер органдары қызметкерлеріне екінші деңгейлі банктен арнайы шот ашу арқылы өтемақы беру механизмін әзірлеуді ұсынды.

«Бұл келісім ІІМ, банк пен құрылыс компаниясының арасында жасалуы мүмкін. Осыған байланысты «Тұрғын үй қатынастары» туралы және «ҚР Ішкі істер органдары туралы» заңға өзгерістер енгізіліп жатыр. Яғни, осы заңдар арқылы үй алу құқығынаа ие қызметкерлердің тізімін жасаймыз. Бұл үшін қосымша қаражаттың керегі жоқ. Барлық мемлекеттік органдар бұл бастаманы қолдап отыр», - деді вице-министр.

Алексей Калайчидидің айтуына қарағанда, қазіргі таңда ішкі істер органдарының қызметкерлеріне отбасының жан санына және аймақтардың айырмашылықтарына қарай пәтер жалдау төлемақысы берілуде. Мәселен, Тараз қаласында бір адам үшін 19 мың теңге, Нұр-Сұлтан қаласы үшін 49 мың теңге бөлінеді (яғни, отбасында үш адам болса, елордада пәтер жалдауға 147 мың теңге беріліп отыр).

«Яғни, алдағы уақытта үйді жалдағаны үшін берілетін қаражат екінші деңгейлі банктердің біріне беріліп отырады. Дәл осы ақша ішкі істер органының қызметкерінің сатып алған үйі үшін ипотекалық бағдарламаға жұмсалады. Болмаса полицей құрылыс компаниясымен келісімге келіп, үйді сатып ала алады. Демек, екінші деңгейлі банктегі өз шотындағы ақшаны тәртіп сақшысы баспанадан басқа мақсатта жұмсай алмайтындай етсек дейміз. Ең бастысы, құқық қорғаушыда зейнетке шыққанда үйі өзінде қалады», - деді вице-министр.

Алексей Калайчиди осы жүйе іске асқан жағдайда 15 мыңға жуық ішкі істер органының қызметкері үй ала алатынын жеткізді. Нақтырақ айтқанда, жедел қызметкерлер, тергеушілер, учаскелік полицейлер, патрульдік полиция қызметкерлері мен жасөспірімдер ісі жөніндегі тәртіп сақшыларын үймен қамту көзделген.

Еске сала кетсек, өткен айда Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев өзі басшылық етіп отырған құзырлы ведомство азаматтық сектормен қалай бірлесе жұмыс жүргізіп жатқанын айтып берген болатын.

«Бүгінгі күні ішкі істер органдарының жұмысындағы реформалардың бірі - жемқорлықпен күрес. Оған қатысты шараларды ІІМ азаматтық сектормен, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен, ҮЕҰ-мен бірлесе жүргізуде. Мыңға тарта ұсыныс келіп түсті. Сұрақтардың көбін жүйелеп, талдап көргенімізде көп сауалдардың қайталанып жатқанын байқадық. Ақыры, осы ұсыныстардың ішінен 28-ін іріктеп алдық», - деді министр азаматтық қоғам өкілдерімен кездесу барысында.

Министрдің атап өтуінше, Елбасының тапсырмасы бойынша осы жылдың басынан ішкі істер органдарында кең көлемді реформа басталды. Бұл реформаның маңызды тұстарының бірі - ведомстволық білім беру саласын жаңғырту. Аталған салада қазірдің өзінде нақты істер атқарылып жатыр. Білім беру жүйесі оңтайландырылып, 6 оқу орталығы қысқартылды. Қазіргі уақытта полицейлерді дайындау Алматы, Қарағанды және Қостанай академиялары, Ақтөбе заң институты мен Шымкент оқу орталығында жүргізіледі. Сонымен қатар ІІМ бакалавриат бағдарламасы бойынша кадр дайындаудан бас тартты. Қарағанды академиясында ғана бұл бағдарлама сақталып қалды.

Соңғы жаңалықтар