ІІМ қызметкерлері арасында жасырын сауалнама жүргізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда Ішкі істер министрлігі қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық туралы жасырын сауалнама өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының өкілі Серік Беркамалов мәлім етті.

«ІІМ қызметкерлері арасында жемқорлық түсінігі мен ұжымдағы қарым-қатынас жөнінде жасырын сауалнама жүргіземіз. Бұл анкетаны шетелдік және қазақстандық үздік әлеуметтанушылар екі ай бойы әзірледі. 2019 жылдың төртінші тоқсансында ІІМ қызметкерлері арасында ауқымды жасырын сауалнама жүргізіледі», - деді С. Беркамалов ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюрода өткен брифингте.

Оның айтуынша, анкета бірнеше бөлімнен құралған. Оның бір бөлігі ІІМ сипаттамасына, яғни ведомствоның қызметкерлерді ынталандыруына арналады. Сауалнамаға ең кемі 2 мың адам қатысуы тиіс.

«Сауалнаманың тағы бір бөлігінде жемқорлық түсінігі, бейресми қарым-қатынастың қай кезеңінде жемқорлықтың басталатыны, оны қызметкерлердің қалай түсінетіні талқыланады. Ауызша алғыс айту немесе ұсақ сыйлықтар жөнінде сұрақ қойылады. Үшінші бөлік жемқорлық қарқыны мен бөлімшелердің беделіне арналады. Яғни, ІІМ жүйесіндегі қай бөлімшелерде жемқорлықтың жиі кездесетіні сұралады», - деді спикер.

Сондай-ақ, С. Беркамалов қызметкерлердің өзін ыңғайсыз сезінбеуі үшін барлық сауалнаманың жасырын жүретінін жеткізді.

«Сауалнама ІІМ қызметіне тек қана сараптама жүргізу үшін емес, нақты нені өзгерту қажеттігін анықтау үшін жүргізіледі. Ең алдымен ІІМ қызметінде қолданылатын нормативтік-құқықтық актілерге, бұйрықтарға, ішкі қызметтік бұйрықтарға талдау жасалады. Жемқорлық қауіптер табылған жағдайда ұсынымдар беріп, ІІМ қандай өзгерістер қажеттігін айтамыз», - деді Серік Беркамалов.

Соңғы жаңалықтар