ІІМ: Қазақстанда Жаңа жыл мерекесі тыныш өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрлігі Қазақстанның бүкіл өңірінде мереке күндері тыныш әрі оқыс оқиғасыз өткенін жария етті. Жаңа жыл кешінде полиция қызметкерлері өткен жылдағы мерекеге қарағанда 13,5 пайызға аз құқықбұзушылықты тіркеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа жыл кешінде бүкіл ел бойынша полиция мен Ұлттық ұланның 30 мыңға тарта қызметшілері халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қызмет атқарды. Жедел басқару орталығының қызметкерлері қалалар мен облыс орталықтарының көшелеріндегі жағдайды бақылауға алды. ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев елордалық гарнизон бөлімшелерін өзі аралап, мереке кезінде қызметке кіріскен нарядтардың жұмысын тексерді.

«Нұр-Сұлтан қаласындағы көшелерде бір жарым мың қызметкер жұмыс істеді. Жедел басқару орталығы қаладағы жағдайды бақылауда ұстады. Нарядтар келіп түскен барлық шақыруларға жедел жауап берді. Қазіргі уақытта мыңға жуық шақырту келіп түсті, негізінен әкімшілік құқық бұзушылықтар тіркелуде: тыныштықты бұзу, отбасылық жанжалдар, қараусыз қалған заттар мен шағын жол-көлік оқиғалары тіркелді», – деп атап өтті министр Ерлан Тұрғымбаев.

Тәртіп сақшылары еліміздің барлық өңірінде үлкен мерекелік демалыс күндері негізінен ұсақ ұрлықтар, тұрмыстық жанжалдар, тыныштықты бұзу жағдайлары тіркеген.

Мәселен, Нұр-Сұлтанда Жаңа жыл кешінде полицияның «102» шұғыл шақыру пультіне екі мыңнан астам қоңырау түскен. Ал жыл басталғалы елордалық полицейлер 10 мас жүргізушіні ұстаған.

Қостанай облысында жұмыс күндері кезекші бөлімге орта есеппен 400 хабарлама келіп түседі. Ал 1 қаңтарда полицейлер 650 қоңырау бойынша жұмыс жүргізген. Облыс орталығында демалыс күндері 28 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Жаңа жыл мерекесі күндері Семейдегі «102» пультіне бір жарым мыңнан астам қоңырау түсті. Оның 20-сы бойынша қылмыстық құқықбұзушылық фактісі орын алған.

Түркістандағы «102» пультіне Жаңа жылдың алғашқы үш күнінде 100-ден астам қоңырау келіп түсті. Тәртіп сақшылары 300-ге жуық әкімшілік бұзушылықты тіркеді. Олардың басым көпшілігі-жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты болған.

Қызылорда облысында Жаңа жылдың алғашқы күндерінде полиция қызметкерлері 34 қылмыстық құқықбұзушылықты тіркеді. Олардың 23-і жедел ашылды. Қоғамдық орындарда мас күйінде 50 адам ұсталды. Тыныштықты бұзудың 10 фактісі анықталды. Бес жүргізуші мас күйінде рөлге отырған.


Соңғы жаңалықтар