ІІМ басшысы заңсыз дәрі-дәрмек сатқандарды анықтауға көмектескен қазақстандықтарға алғыс айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев дәрі-дәрмектің заңсыз саудасын анықтауға көмектескен қазақстандықтарға алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат polisia.kz-ке сілтеме жасап.

«Президенттің тапсырмасына сәйкес барлық жерде дәрі-дәрмекті қымбат бағамен сату фактілерін анықтау мақсатында рейдтер жүргізілуде. Өкінішке қарай, дәрі-дәрмек тапшылығын пайдаланған фармацевт пен дәріхана, медицина ұйымдар қызметкерлерінің арасында да осындай заңсыздыққа барып жату кездеседі. Олар дәрі-дәрмекті халыққа заңсыз екі-үш есе қымбатқа сатқан. Міне сондықтан біз әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді пайдалану жолымен, делдалдарды осы іске тарттық», - дейді Ерлан Тұрғымбаев.

Министр бірнеше мысал келтірді.

«Елордадағы дәріханалардың бірінде сатушы сөредегі дәріні кассаны айналып, сыртта қымбатқа сатқан. Цефтриаксон, Азитромицин, Ингавирин, Дексаметазон және басқа да қажетті препараттардың 2 300 қаптамасы тәркіленді. Ал Алматыда дәрі-дәрмекті заңсыз сату ісімен тіпті Алматы облысындағы аудандық ауруханалардың біріндегі жансақтау бөлімінің меңгерушісі айналысқан. Ұсталған кезде оның көлігінен әртүрлі препараттардың 90 флаконы табылды. Одан сатылған дәрі-дәрмектен түскен 1 миллион теңге тәркіленді», - дейді ол.

Дәрі-дәрмектің заңсыз айналымы жағынан ең бірінші орында Шымкент тұр. Министрдің хабарлауынша ол қалада 11,5 мың дәрі-дәрмекті заңсыз сатпақ болғандар ұсталған. Сонымен бірге Алматыда 11,5 мың, елордада 4,4 мың, Атырау облысында 7,7 мың дәрі-дәрмек пен медициналық препаратты заңсыз сатпақ болғандардың әрекеті әшкереленген.

«Анықталған заңбұзушылықтар туралы барлық материалдарды біз қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Экономикалық тергеу қызметіне және Денсаулық сақтау министрлігінің уәкілетті органдарына жібереміз. Тексеру кезінде алынған дәрі-дәрмек әрі қарай пациенттерді емдеуде қолдану мақсатында денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдарға беріледі. Барлығы алты күндегі рейд барысында барлығында 206 осындай фактінің жолы кесілді. Полицияға 185 адам жеткізілді. Олардың үштен бірі (63 адам) медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау органдарының қызметкерлері. 54 мың қаптамадан астам дәрі-дәрмек пен препарат, жарты миллионға жуық медициналық маска, 30 мыңнан астам түрлі жеке қорғаныс құралдары және басқа да медициналық құралдар мен дезинфекциялық заттар тәркіленді. Осы заңсыздықтарды әшкерелеуге атсалысқан азаматтардың бәріне алғысымды айтамын», - деп түйді министр.

Соңғы жаңалықтар