ІІМ Арыста жоғалған адамдар туралы ақпаратқа пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрлігі Арыс қаласында 350 адамның жоғалып кеткені туралы ақпаратқа байланысты ресми мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқапарт.

«Арыс қаласында жарылыс болған күні 350 адам жоғалып кеткені туралы ақпарат тараған болатын.Сол күні-ақ аталмыш ақпарат бойынша уақтылы мәлімдемелер жасалды. Полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілері Арыс қаласының тұрғындарын эвакуациялау және олардың кім екенін анықтау бойынша барлық тиісті шараларды жүргізді. Қазақстан Республикасының ішкі істер министрлігі тұрғындарды әлеуметтік желілер арқылы және WhatsApp желісі бойынша таралатын жалған ақпаратқа сенбеулерін және үрейге бой алдырмауды сұрайды», - делінген ресми мәліметте.

Министрлік қасақана жалған ақпарат таратқандар ҚР қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын, арнайы құрылған жедел штаб арқылы тараған ресми ақпараттарға ғана сену керектігін ескертеді.

«Арыс қаласында болған жағдайға байланысты Шымкент қаласы ТЖ департаментінде «Қауырт желісі» жұмыс жасайтындығын еске саламыз. Тәулік бойы 8/7252/44-94-72 немесе 8/7252/35-33-66 телефон нөмірі бойынша қажетті ақпаратты ала аласыздар», - делінген ІІМ баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Бұған дейін үш адам қаза тапты. 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді. Бірқатар өңірде шұғыл желілер құрылды.

Соңғы жаңалықтар