ІІМ армян нөмірлі көліктерге қатысты хабарламаны тексеріп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди армян нөмірлі көліктерді тексеруге қатысты тараған хабарламаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, әлеуметтік желілерде (ватсапта) армян нөмірлі көліктерге толыққанды тексеру жүргізу және ондай көлік мінген жүргізушілерге хаттама толтыруға бұйрық беріп жатқан аудиохабарлама тарап кеткен болатын. Аудиохабарламамен бірге елорданың полиция департаментінің жол-патрульдік қызметі командирі міндетін атқарушысының фотосуреті бірге жарияланған.

Алексей Калайчиди аталған аудиохабарламаның таралуына қатысты тексеру жүргізіліп жатқанын айтты.

«Бұл ретте қосымша әрекет етуге тура келеді. Себебі, аудиохабарламаны кімнің таратқанын білу үшін дауыс сараптамасын жүргізу керек. Себебі, бұл айтарлықтай салмақты хабарлама. Лайықты әрі қатал шаралар қабылданатынын айтқым келеді. Ол туралы БАҚ өкілдеріне қосымша хабар беретін боламыз. Бұл іспен өзіндік қауіпсіздік департаменті айналысуда», - дейді вице-министр Ішкі істер органдарындағы жемқорлықпен күрестің үшжақты жоспары талқыланған отырыстан кейін тілшілерге.

Айта кетсек, бүгін елордада ІІМ мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшылығы, азаматтық қоғам және БАҚ өкілдерімен кездесу өтті. Кездесуде ішкі істер министрлігінің Жол картасы негізінде қоғамдастық және ведомстволар әзірлеген ішкі істер органдарындағы жемқорлықпен күрестің үшжақты жоспары таныстырылды.

«Реформаның бағдарламасын әзірлеуде белсенді түрде атсалысып жүрген азаматтарға ерекше алғысымды айтқым келеді. ІІМ Сіздермен әрдайым бірлесе еңбек етуге дайын. ІІМ тек сынның астында қалатын орган емес, сенімге ие болғанын қалаймыз», - дейді ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Соңғы жаңалықтар