ІІІ Карл Ұлыбритания королі ретінде салтанатты түрде таққа отырды

None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат – Лондондағы Вестминстер аббаттығында Британия монархы ІІІ Карл мен жұбайы Камиллаға тәж кигізу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews-ке сілтеме жасап.

Тәж кигізу рәсімі ІІІ Карлдың анасы, патшайым ІІ Елизавета қайтыс болғаннан кейін 8 ай өткенде атқарылып отыр. Вестминстер аббаттығында өткен салтанатты шарада Қасиетті Эдуардтың таза алтыннан құйылып, рубин тастармен безендірілген тәжін 74 жастағы Карлдың басына Кентербери архиепископі кигізді.

Тақ мұрагері, Уэльс ханзадасы Уильям әкесінің алдында тізе бүгіп, адалдығын білдірді.

ІІІ Карлдың екінші әйелі 75 жастағы Камиллаға да салтанатты түрде тәж кигізілді.

Корольдік әскерінің жүздеген қызметшісі қатысқан салтанатты шеру Букингем сарайынан басталып, Трафальгар алаңы мен Даунинг көшесінің жанынан өтіп, Вестминстер аббатығына дейін жалғасты. Мұнан соң шерушілер сол 2 шақырым жолмен кері қайтты.

Сіркіреп жауып тұрған жаңбыр миллиондаған британдықтар мен туристерге кедергі болмады. Олар осы оқиғаны көзбен көру үшін Лондонға әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған.

Фото: twitter.com/RoyalFamily

Еске салсақ, Британия патшайымы II Елизавета 96 жасында өмірден өткен соң, тақ оның ұлы ханзада Чарльздың қолына өтіп, ол III Карл есімін алған болатын.

Жыл басында Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен корольдігінің королі ІІІ Карлдың таққа отыруына орай, 6-8 мамыр аралығында мерекелік шаралар өтетіні белгілі болған еді.

Соңғы жаңалықтар