ІІІ Абай оқуларының жеңімпаздары анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы Елбасы кітапханасында Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арнала әлеуметтік желілерде жарияланған «ІІІ Абай оқулары» дәстүрлі әдебиет сайысының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараның шымылдығын Елбасы кітапханасының директоры, профессор Әмірхан Рахымжанов ашты.

«Елбасы кітапханасының «Абай оқулары» әдебиет сайысының бастамашысы болуы кездейсоқтық емес. «Абай – қазақ халқының рухани көсемі» деген Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өмірбаяндық туындыларында бала кезінен ұлтымыздың рухани мақтанышы, дана Абайдың шығармаларымен өсіп, тәрбие алғанын әрқашан да мақтан тұтатынын айтады. Елбасымыздың осыдан екі жыл бұрын жариялаған «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласы Абайдың ұлы жолын жалғастырған елдің рухын көтерген маңызды тарихи оқиға болды. Абай қашан да қазақ халқының рухани ұлы көшінің басында. Абай сөзі, Абай әндері мәңгі жаңғыра, жаңара бермек», - деді Әмірхан Рахымжанов.

Жоба, ең алдымен, жастарға бағытталса да еліміздің барлық өңірлерін қамтитын түрлі жастағы тұрғындар мен әр салада еңбек ететін мамандардың басын қосты. Байқауға қатысушылардың саны былтырғымен салыстырғанда көбейген. Дәстүрлі сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шет елдерден екі жүздің үстінде өтінім келіп түскен. Оның ішіне Еуропа мен Азия елдерін және ТМД елдерінен жолданған жұмыстар да бар. Ал, 20 мыңнан астам пайдаланушы Facebook, Instagram және басқа да әлеуметтік желілер арқылы сайысты пікір қалдыру, «лүпіл» қоюмен қолдады.

Байқау қорытындысы бойынша төмендегі қатысушылар жеңімпаз атанды:

Бас жүлде – Гүлбибі Сейдалиева (Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 4-курс студенті, Өскемен қаласы);

І орын – Арай Жылқыбаева (ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының дәрігер-менеджері, Нұр-Сұлтан қаласы);

ІІ орын – Медина Жылқыбаева (Ақмола облысы Қосшы ауылындағы №2 мектептің 10-сынып оқушысы);

ІІІ орын – Ерсұлтан Нүсіпжанов (Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің 3-курс студенті, Тараз қаласы);

«Абай мұрасын әлемдік деңгейде насихаттаушы» номинациясы – Бекзат Смағұлов (ҚР Мәдениет жән спорт министрлігі Өнер департаментінің сарапшысы);

«Ең кішкентай үміткер» номинациясы – Хасен Жігер мен Әнел Мұхамажитова (Павлодар облысы Екібастұз қаласындағы №24 «Айналайын» балабақшасының тәрбиеленушілері);

«Көрермен көзайымы» номинациясы – Қырмызы Арын (Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысы);

«Ең белсенді қатысушы» номинациясы – Мұхамеджан Әбдиев (Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы № 45 мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы, Тараз қаласы).

Шара соңында «Абай оқулары» әдеби сайысының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Елбасы кітапханасының басшылығы мен қызметкерлеріне жобаны ұйымдастырғандары үшін ризашылықтарын білдірді.

Соңғы жаңалықтар