ИИДМБ: 4 жылда 4,9 трлн теңгенің жобасы іске қосылды
«2015 жылдан бері елімізде индустрияландырудың екінші бесжылдығы іске асырылуда. Биыл бесжылдықтың соңғы жылы. Жоба іске асырылған 4 жылда жалпы сомасы шамамен 4,9 трлн теңге болатын 480 жоба іске қосылып, 44 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды», - деді министр.
Осы ретте ол тау-кен металлургия кешені, химия, фармацевтика, жеңіл және азық-түлік өнеркәсібі, машина жасау, құрылыс индустриясы, энергетика, мұнай өңдеу, агроөнеркәсіп кешені және ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу салаларында жобалар іске асырылғанын айтты.
«Есепті кезеңде жалпы ішкі өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 10,1-ден 11,6 пайызға дейін, саладағы жұмыспен қамтылғандар үлесі 6,6-дан 6,9 пайызға дейін өсті. Есепті кезеңде бағдарламаның барлық мақсатты индикаторлары бойынша оң нәтижеге қол жеткізілді. 2018 жылғы қорытынды бойынша өнеркәсіп 4,1 пайызға өсті. Бұл өңдеу өнеркәсібінің 4 пайызға қарқынды өсуі есебінен іске асырылып отыр. Өсімнің негізгі драйверлері машина жасау, химиялық өнеркәсіп, мұнай өңдеу, жеңіл өнеркәсіп және металлургия салалары», - деді ол.
Оның дерегінше, өңірлер арасында өңдеу өнеркәсібі өсімін қамтамасыз ету бойынша Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары, және Нұр-Сұлтан қаласы көш басында келеді. 2018 жылы Индустриалдау картасының жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеге жуықтайтын 102 жоба іске қосылып, 13,3 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылды.