Игі бастама: Жетімдер үйінде ағылшын тілін тегін үйретіп жүр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Теміртаулық Айжан Зияшева Zhasproject жобасы аясында жетімдер үйіндегі тәрбиеленуші балаларға ағылшын тілін үйретіп жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жетім көрсең, жебей жүр» дегенді естігеніміз көп. Ал осы сөздерді іске асыратындар көп пе? Солардың бірі - теміртаулық ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айжан Зияшева. Күндердің бірінде ол «Айналайын» балалар үйінде қызмет ететін әпкесімен әңгімелесіп отырып, жетім балаларға ешкім ағылшын тілін үйретпейтінін білген. Содан бұл ойды жадына түйген Айжан Zhasproject жобасына қатысуға бел буады. Жобаға қатысып, грант ұтып алған мұғалім «Айналайын» жетімдер үйінің балаларын ағылшын тіліне үйрете бастайды.

Айжанның айтуынша, қазіргі күнге дейін жоба аясында 50-ден астам бала оқытылған. Сондай-ақ, бұл істі әрі қарай жалғастыру үшін ағылшын тілін үйрететін еріктілерді де оқытқан.

«Біз жобаның аясында балалардың ағылшын тілін білу деңгейін көтердік. Сонымен қатар,«Айналайын» балалар үйінің ересектеу балаларын кішкентай тәрбиеленушілерге ағылшын тілін оқытуға даярладық. Zhasproject жобасының аясында ұтып алған қаражатқа қажетті жабдықтарды алдық. Жоба аяқталған соң да, жұмысымызды жалғастырдық», - дейді Айжан Зияшева.

Өкінішке орай, «Айналайын» балалар үйі таратылмақ. Жетім балаларды әр үйге бөледі. Олардың әрі қарайғы тағдыры белгісіз. Бастаған жобасы құр қалмау үшін Айжан ағылшын тілін онлайн-режимде оқытуды көздеп отыр.

Кез келген тіл оқыту курстарындағыдай, бұл жобада да ағылшын тілі топтарға бөлініп оқытылады: бастауыш, жалғастырушы және жоғарғы деңгей. Әр топқа өзіндік бағдарлама құрылған. Бір деңгейді меңгерген бала келесі, анағұрлым күрделірек деңгейге көшеді. Соңында баланың білімін тексеру үшін тест өткізіледі. Онлайн курстарда да осындай кесте қолданылады. Айжанның айтуынша, бұл курстарда баланы қатаң түрде қадағалау жоқ, әр бала өз ниетімен және ынтасымен оқиды.

Соңғы жаңалықтар