Иесіз қалған электр желілері энергия тартушы ұйымдарға беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандағы энергетикалық кәсіпорындар алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық жұмыстарын бастап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет отырысында баяндама жасаған Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев биыл 8 энергоблокты, 59 қазандық пен 44 турбинаны жөндеу жоспарланғанын айтып өтті. Маусым айының басында 3 энергоблокта, 5 қазандықта және 8 турбинада жұмыстар аяқталып қойған. Жөндеудің әртүрлі сатыларында 3 энергоблокта, 21 қазандықта және 9 турбинада жұмыстар жүргізілуде. Жалпы жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес орындалып жатыр.

«Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің электр желілерін 2020-2021 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындау үшін жалпы ұзындығы 25 828 шақырымды электр желілерін, сондай-ақ 429 бірлік жоғары вольтты қосалқы станцияларды жөндеу жоспарланған. Бүгінгі күні электр желілерінде 1140 км электр беру желілері мен 65 шағын станцияға жөндеу жұмыстары жүргізілді», - деді ол.

Нұрлан Ноғаев сонымен бірге иесіз деп танылған электр желілерін жою бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Министрдің айтуынша, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 51-қадамында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру аясында иесіз желілерді жою қарастырылған.

«Ауқымды жұмыс атқарылды. Иесіз желілердің ұзындығы едәуір төмендеді. Жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша 2020 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша иесіз электр желілерінің ұзындығы 225 шақырымды және 98 трансформаторлық қосалқы станцияны құрады», - деп хабарлады Н. Ноғаев.

Жалпы алғанда, анықталған иесіз электр желілері 2020 жылдың соңына дейін энергия беруші ұйымдардың балансына берілуі тиіс.


Соңғы жаңалықтар