ИБРАҺИМ АТА КҮМБЕЗІ

None
None
sp;Ибраһим Ата күмбезі - ортағасырлық сәулет өнері ескерткіші. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сайрамның солтүстік - батыс шетіндегі биік төбеде, Ақсу ауылына баратын жолдың бойында орналасқан. Күмбез шамамен ХVІ-ХVІІ ғасырларға дейін, Қожа Ахмет Иасауидің әкесі Ибраһим Атаның қабірі үстіне салынған.

Ибраһим Ата күмбезі - ортағасырлық сәулет өнеріндегі күмбезді мазарлардың көнеден сақталып қалған ескерткіштерінің бірі болып табылады. Күйдірілген кірпіштен қаланған. Ішінара сылақ жүргізіліп, әктелген, әлденше рет қайта салынып, жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Бастапқы күмбезі бұзылған, оның орнына ХХ ғасырдың басында табақ темірден төрт жағына тайқы шатыр орнатылып, ортасына шошақ күмбез салынған. Бір камералы құрылыс, жалпы жобасы шаршы келген. Өлшемі 7,2 х 7,2 метр. Солтүстік - батыс және оңтүстік - батыс қасбеттері сәл шығыңқы, таяз қуыстары бар бірыңғай порталдармен безендірілген. Оңтүстік - батыс порталдың қуысына кіреберіс, ал пилондарының қанатына - тік бұрышты қуыстар жасалған. Ішкі қабырғаларына сылақ жүргізілген, еденіне кірпіш төселіп, цемент қосылған лаймен сыланған. Ішінде қабір қалдығы сақталған.

Орта ғасырларда ислам дінін насихаттау орталықтарының біріне айналған көне Сайрамда көптеген діни ғұламалар, ұстаздар пайда болған еді. Солардың бірі - атақты Қожа Ахмет Иасауидің әкесі Ибраһим Ата мыңдаған мүриттерге ұстаздық қылған.

Ол жасаған ХІ ғасыр ислам дінінің құлашын кең жайып, халықтың жүрегіне жол тауып тұрған бір дәуір еді. ИбраҺим Атаның диқаншылық кәсібі де болды. Сонымен қатар ел арасында ол кісінің әулиелік, көріпкелділік кереметтері туралы аңыздар таралған.

Қасиетті бабамыздың шығу, таралу тегі туралы шежіре жазбалары Сайрам мұражайында сақтаулы.

  Дерек көзі:

Қазақтан ұлттық энциклопедиясы 4 том.

Соңғы жаңалықтар