ХВҚ: Қазақстан экономикасын не күтіп тұр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат  - Халықаралық валюта қорының Таяу шығыс және Орта Азия елдері департаменті директорының орынбасары Юха Кяхконен Алматыда дәстүрлі «Өңірлік экономиканың даму перспективалары: Кавказ және Орталық Азия» баяндамасын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықаралық қор өкілі Қазақстан экономикасының қазіргі ахуалына да қысқаша сипаттама беріп өтті.

«Қазақстанда  шикізаттық емес саланың дамуы айқындалып келеді. Бұл өте маңызды. Себебі Қазақстан экономикасына диверсификация керек. Мұнай қоры таусылған кезде қазақстандықтарға экономиканың басқа саласының дамуы аса маңызды», - деді Юха Кяхконен. 

Оның айтуынша, елдің ЖІӨ 4%-ға артуы елдегі мұнай өндірісі мен мұнай бағасына қатысты қалыптасып отыр.

Одан әрі ХВҚ болжамы бойынша келер жылы - 3,7%, одан кейін 3,1% түсуі ықтимал.

Бұл мұнай өндірісі қарқынының азаюымен байланысты.

«Қазіргі ЖІӨ өсіміне бірнеше фактор ықпал етіп отыр. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында инфрақұрылым жақсарып, Үкімет бірнеше реформаны жүзеге асырды. ХВҚ фьючерс нарығындағы заңдылықтарға қарап болжам жасайды. Бұл жағдайда олар мұнай бағасының 60 доллардан төмендейтіндігін айтады. Сыртқы шоктар, санкциялар да бұған әсер етуі мүмкін. Мұнай бағасының өзгеруі Қазақстан экономикасына ықпал етеді. Сондықтан, Қазақстанның қазіргі ахуалға барынша дайын болғаны дұрыс. Ал мұнай бағасының көтерілуімен қанағаттануға  болмайды. Бұл уақытша. Бұл орайда осы ресурсты экономиканы әртараптандыруға салу керек», - деді ол.

Сарапшы Қазақстандағы қаржылық саласындағы тың серпін ретінде Астана Халықаралық қаржы орталығының жұмысын атады.

Бұл жергілікті банк секторын нығайтып, оны халықаралық стандарттарға сай етеді. Сондай-ақ,  халықаралық банктерді Қазақстанда жұмыс жасауға ынталандырады.

Юха Кяхконен Қазақстан экономикасында келешекте тәуекелдерді басқаруға басымдық берілгенін құптайды.

«Валюта бағамының еркіндігі - Қазақстан үшін сыртқы шоктарға бейімделуге тиімді болмақ. 2015 жылға дейін бекітілген курс Қазақстан экономикасына соққы бергені рас. Ал қазіргі курс сұраныс пен ұсынысты қалыптастыруға жақсы. Инфляция ставкасы да Ұлттық банкке инфляцияны ауыздықтауға мүмкіндік беріп отыр, 5-7% шамасында. Бұл әлемдегі барлық орталық банктер қолданатын тәжірибе. Теңгенің еркін айналымда қалғаны дұрыс. Сыртқы қатерлердің соққысы аса қатты сезілмейді»,- деді ХВҚ өкілі.

Қай елде болмасын ел ахуалын көтеру үшін жеке сектордың жағдайын жасау керек.

Ал бұл үшін банктердің әлеуетті болғаны маңызды. Себебі солар экономикаға несие береді.

«Қазір банктерде нақты экономика секторына бөлетін қаржы бар. Бірақ, банктердің жұмысының өзіне өзгеріс керек. Олар бизнес моделін өзгертуге дайын ба? ҚР Ұлттық банк өкілі Олег Смоляков бүгінгі баяндамасында Ұлттық банктің нақты экономикаға қаржы бөлуге барынша күш салатынын айтты», - деді Юха Кяхконен.

Сондай-ақ сарапшы ХВҚ Қазақстанмен арасындағы байланыс тұрақты сипат алғанын мәлім етті.

Соңғы жаңалықтар