Хромтау ауданында карантиндік шектеу шарасы күшейтілді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбенің Хромтау ауданында шектеу шарасы күшейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің жаңа қаулысы шықты. Хромтау ауданында шектеу шарасы күшейтілді.

«Білім алу орталықтарындағы бала саны 15-тен аспауы тиіс. Сонымен бірге медициналық орталық, кабинеттер мен стоматологияларға алдын ала жазылып баруы тиіс. Банктердің, халыққа қызмет көрсету орталықтарының, «Қазпошта» АҚ-ның бөлімшесі жұмыс күндері сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін қабылдау өткізеді. Мектепке дейінгі мекемелеріндің кезекші топтарындағы бала саны 15-тен аспауы тиіс. Діни нысандарда ұжымдық іс-шара өткізілмейді», - деп хабарлады облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.

Сонымен бірге қоғамдық тамақтану орындарында адам саны 50-ден аспауы тиіс. Жұмыс уақыты сағат 07.00-ден 00.00-ге дейін. Азық-түлік дүкендері, базарлар, сауда орындары тек жұмыс күндері ішкі тәртіп бойынша қызмет көрсете алады. Мәдениет нысандарында адам саны 30-дан аспауы қажет. Бүгінге дейін Хромтау ауданы бойынша барлығы 149 адам коронавирус инфекциясына шалдықса, оның 72-і симптомсыз.

Айта кетейік, өткен тәулікте өңірде 19 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Ақтөбе қаласы мен Ойыл, Хромтау, Мұғалжар аудандарының тұрғындары дерттің симптомды түріне шалдыққан. Аурушаңдықтың өсу деңгейі 0,5% құрады. Бүгінге дейін барлығы 4131 жағдай тіркелсе, оның 95 пайыздан астамы жазылды. Қазір 600-ден астам адам үй карантинінде. Науқастармен қатыс-қатынаста болған ақтөбеліктер екі апта дәрігер бақылауында болады.


Соңғы жаңалықтар