Хромтау әкімі салынбаған жүргіншілер жолына бюджет қаржысын аударып жіберген

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы, Хромтау қаласының әкімі Асқар Нұртазин жүргіншілер жолына арналған тас төселмей, ақша аударып жіберді. Бүгін Әдеп кеңесінде әкімге қызметіне толық сай емес деген ұйғарым берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті, Әдеп кеңесі бүгін Хромтау қаласының әкімі Асқар Нұртазинге қатысты істі қарады. Хромтау ауданы прокурорының орынбасары Әнуарбек Ескендіровтің айтуынша, өткен жылдың соңында әкім 7 миллион теңгені жүргіншілер жолына төсеуге аударып жіберіп, атқарылмаған жұмысты қабылдап алған. Прокуратура тексерісінен кейін анықталған заңсыздық бүгін әдеп кеңесінде қаралды.

«Мемлекет қаржысының мақсатты игерілуі тексеріліп, заңсыздық анықталды. Ақтөбе қаласының әкімі Асқар Нұртазин «Ақтөбеэлектрострой» ЖШС-не 7 миллион теңгені аударып жіберген. Бұл қаржыға 4 көше мен 3 шағын ескірткіш жанына тас төсеуі тиіс болатын. Келісімшартқа қол қойып, 5 күннен соң ақшаны аударады. Негізі жұмыс толық атқарылған соң ғана қаржы берілуі тиіс»,- деді прокурор Әнуарбек Ескендіров.
null

Хромтау қаласының әкімі Асқар Нұртазин жыл соңында үнемделген қаржыны қайта бөліп, жүргіншілер жолын салу үшін байқау өткізеді. Жеңімпаз анықталған кезде ауа райына қарамастан ақшаны аударып жіберді. Ал жұмыс атқарылмай, заңсыздықты прокуратура анықтады.

«Мемлекет қаржысын игереміз деп қыста асфальт төсеп, жарты жылдан соң ол қирап қалды. Бұл жолы да дәл солай. Бұрынғы жағдайында қылмыстық іс қозғалуы тиіс еді. Жүргіншілер жолын дұрыс төсемеген компанияны тексеру артықтық етпес еді. Әкім «уақытша, маған бәрібір деп ойлайтын шығар»,- деді Әдеп кеңесінің мүшесі Қайрат Сүнтаев.

Әдеп кеңесіне қатысқан қала әкімі Асқар Нұртазин жыл соңында байқау өткізіп, жолдың салынбайтынын білсе де тәуекелге барғанын жеткізді.

«Қыс түсіп, боран соғып кетті. Ал компания жол төсеуге қажетті тасты алып, жеткізіп қойды. Өткен жылы үлгермеді, биыл бәрін қалпына келтірді. Әрі мердігер 705 мың теңге айыппұл төледі»,- деді Хромтау қаласының әкімі Асқар Нұртазин.

Айта кетейік, Әдеп кеңесі Хромтау қаласы әкімінің қызметіне толық сай емес деген ұйғарым қабылдады. 

Соңғы жаңалықтар