Храпуновтар ісі: Сотталушы денсаулығы нашар екенін айтты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ерлі-зайыпты Храпуновтарға қатысты алдын ала сот тыңдалымы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Процестің басында судья Қасым Қалмағамбетов сот отырысында күбірлеп сөйлеп отырған әкім орынбасары Яков Заяцқа ескерту жасады. 

Процесс барысында сотталушылардың бірі Абдул-Ғазиз Мұқашевтың қорғаушысы жоқ екені анықталды. Соған байланысты судья үзіліс жариялады. 

«Қылмыстық-процессуалдық кодекске сәйкес, сотталушы жоқ болған жағдайда да сот процесі жүргізіле береді. Ерлі-зайыпты Храпуновтардың, Ілиясовтың жоқтығына қарамастан, қорғаушылары бар болғандықтан, сот жалғасады», - деді Қасым Қалмағамбетов.

Одан әрі сот сотталушылардың анкеталық мәліметтерін жариялады. 

«Сотталмағанмын. 2008 жылға дейін Алматы әкімдігінде жұмыс жасадым. 2008 жылы жол апатына ұшырадым. Содан бері денсаулығым нашар, жұмысым жоқ. Жасым 71-де, мүгедекпін», - деді Яков Заяц.

Сот қаулысына сәйкес, Виктор мен Лейла Храпуновтардан өзге сотталушылар Қуандық Бексұлтанов, Алтай Қасымов, Яков Заяц, Абай Сапаров, Серик Есмұханов, Айяр Ильясов, Айнакүл Садықбаева, Абдул-Ғазиз Мұқашев, Абылайхан Қарымсақов, Ғабиден Қайымсұлтановтың істері қаралуда. 

Ерлі-зайыпты Храпуновтар ұйымдасқан топпен бірге мемлекет меншігін ұрлау, лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану, алаяқтық, пара алу, қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру баптары бойынша айыпталған. Қылмыстық әрекеттерден мемлекетке 250 млн АҚШ долларынан астам шығын келген. 

Виктор мен Лейла Храпуновтарға, Айяр Ильясовқа сырттай қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды. Қалған тұлғалардан ешқайда кетпеу туралы қолхат алу шарасы тыңдалды. Сот ісіне судья Қасым Қалмағамбетов төрағалық етті. Алдын ала тыңдауға мемлекеттік айыптаушы мен сотталушылардың қорғаушылары, жәбірленушілер қатысты.

Соңғы жаңалықтар