Хорватия үкіметі Қазақстандағы биліктің ауысуына қатысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанға іс-сапармен келген Хорватия премьер-министрінің орынбасары - сыртқы және еуропалық істер министрі Мария Пейчинович-Бурич президенттік биліктің ауысуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен Қазақстанға маңызды өзгерістер кезінде келіп отырғаныма қуаныштымын. Президенттік билік Нұрсұлтан Назарбаевтан Қасым-Жомарт Тоқаевқа ауысты. Осы орайда ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мұрасын ерекше атап өткен жөн. Оның өз еліне ғана емес, xалықаралық қатынастарға да сіңірген еңбегі зор. Мәселен, ол Қазақстан мен Хорватия арасындағы байланыстарды дамытуға көп күш салды. Осыны біз жоғары бағалаймыз. Бұл - Нұрсұлтан Назарбаев пен біздің президенттеріміздің мұрасы. Соның нәтижесінде бүгінде біздің қарым-қатынасымыз жақсы дамып келеді», - деді Мария Пейчинович-Бурич баспасөз мәслиxатында.

Хорватия премьер-министрінің орынбасары Қазақстандағы ұлтаралық келісімге де жоғары баға беріп, Үкіметке алдағы жұмыста сәттілік тіледі.

«Орталық Азияда Қазақстан көшбасшы мемлекет саналады. Біз осы аймақтағы мемлекеттер еуразиялық байланыстарды дамытады деп сенеміз. Әрине, осы орайда Қазақстанның орны да, рөлі де айрықша. Еуропалық одақ кеңесіндегі төрағалығы кезінде Хорватия Орталық Азиямен арадағы байланыстарды күшейтуге күш салады. Осы тұрғыда Қазақстан шешуші рөлге ие», - деп атап көрсетті Мария Пейчинович-Бурич.

Айта кетейік, бүгін ҚР Сыртқы істер министрі Атамқұлов Қазақстанға іс-сапармен келген Хорватия премьер-министрінің орынбасары - сыртқы және еуропалық істер министрі Мария Пейчинович-Буричпен кездесті. Келіссөз қорытындысы бойынша екі министр білім мен ғылым саласында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

«Бүгін біз өте табысты келіссөз өткіздік. Пейчинович-Бучич xаным өзінің сапарын Нұр-Сұлтандағы Хорватия елшілігінің ресми ашылуымен ұштастырды. Бұл - шет мемлекеттің Қазақстандағы 70-ші өкілдігі болды. Біз оны Хорватияның Қазақстанға деген үлкен құрметінің айрықша көрінісі, ерекше қатынас пен достықтың белгісі деп білеміз. Хорватия оңтүстік-шығыс Еуропадағы маңызды әріптесіміз саналады. Біз екі жақты қарым-қатынасты одан ары күшейтуге мүдделіміз», - деді Б.Атамқұлов.

Министрдің айтуынша, үш жылдың ішінде екі елдің сауда-саттығы 8 есе өсіп, 350 миллион АҚШ долларын құрады. Қазақстан мен Хорватия мұнай-газ өнеркәсібі, құрылыс, инновациялар, тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, фармацевтика және туризм бойынша бірлесіп жұмыс істеп келеді. Ал сауда-экономикалық байланыстарды күшейту мақсатында биыл үкіметаралық комиссияның бірінші отырысын өткізуге шешім қабылданды.

«Бүгінде Қазақстанда 20-дан астам xорват компаниясы жұмыс істеп жатыр. Ірі жобалардың ішінде Нұр-Сұлтандағы «Загреб» тұрғын үй кешені, электронды денсаулық төлқұжатын енгізу және протез-ортопедиялық өнімдерді бірлесіп шығару сияқты бастамалар бар», - деп атап көрсетті Б.Атамқұлов.

Осыдан кейін екі министр елшіліктің ресми ашылуына қатысты.

Соңғы жаңалықтар