Хоккейден қысқы Олимпиадаға іріктеу кезеңі Қазақстанда өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Халықаралық хоккей федерациясы (IIHF) 2022 жылғы қысқы Олимпиадада шайбалы хоккейден іріктеу кезеңінің жүйесін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қысқы Олимпиадада шайбалы хоккейден 12 құрама сынға түседі. IIHF рейтингінде жоғары көрсеткіштегі сегіз құрама дүбірлі додаға тікелей жолдама алады. Олардың қатарында Канада, Ресей, Швеция, Финляндия, Чехия, АҚШ, Германия мен Швейцария құрамалары бар. Ал бір жолдама Олимпиаданы өткізетін мемлекет ретінде Қытайға бұйырады. Айта кетерлігі, қытайлық хоккейшілер аталмыш бәсекеде тұңғыш мәрте бақ сынайды. Тағы үш жолдама іріктеу кезеңінде жеңімпаз атанған құрамаларға беріледі.

Біздің Қазақстан хоккейшілері жарысты үшінші іріктеу кезеңінен бастайды. Ол бәсеке еліміздің астанасы - Нұр-Сұлтан қаласында өткізіледі деп жоспарланып отыр. Іріктеу кезеңі 2020 жылдың 6-9 ақпан күндері «Барыс-аренада» болады. Біздің хоккейшілердің қарсыластары - Польша, Украина және екінші кезеңінен үздік шыққан бір құрама. Бұл топтан бір құрама ғана жарыстың келесі сатысына шығады.

Іріктеу сатысының финалдық кезеңі 7-30 тамыз күндері Словакия, Латвия және Норвегияда болады. Айта кетерлігі, Олимпиадаға берілетін үш жолдамаға барлығы 46 құрама таласады.

Қазақстан хоккейшілері қысқы Олимпиада ойындарында екі мәрте бақ сынады. 1998 жылы 1/4 финалға дейін жетсе, 2006 жылы тоғызыншы орын алды.

Қысқы Олимпиада ойындары Қытай астанасы - Бейжің қаласында өткізіледі. Ол 2022 жылдың 4-20 ақпан күндері болады.

Бұдан бұрын Қазақстан шайбалы хоккейден әлем чемпионаты топ-дивизион ойындарын өткізуі мүмкін екенін хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар