Хоккейден әлем чемпионатында Қазақстан Италияны 5:2 есебімен жеңді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден әлем чемпионатында топ-дивизионда Қазақстан құрамасы бүгін, 23 мамырда кезекті ойынын Италияға қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі кездесудің екі құрама үшін маңызы зор болды. Жеңгені алдағы жылы да топ-дивизионда ойнауына мүмкіндік алады. Жеңілгені төменгі дивизионға түседі.

Кездесу барысында қазақстандық хоккейшілердің басымдығы байқалды. Қазақстандық құрамадан Кёртис Валк 11-минутта есеп ашса, оған 14-минутта италиялық Брэндон Макнелли бір голмен жауап қайырды. Бірінші кезеңнің 15-минутында қазақстандық Валерий Орехов есепті ұлғайта түсті.

Екінші кезеңнің 24-минутында Әлихан Әсетов есеп айырмасын тағы бір голға ұлғайтты. Бұдан кейін италиялық Диего Костнер 25-минутта гол соғып, кездесудің маңызы арттырды.

Үшінші кезеңде Роман Старченко 43, Никита Михайлис 46-минуттарда Қазақстан құрамасының басымдығын арттырды.

Осылайша қазақстандық хоккейшілер қарсыласынан 5:2 есебімен басым түсті. Нәтижесінде алдағы жылы топ-дивизионда қалу мүмкіндігін сақтап қалды.


Екі құрама бұған дейін 8 мәрте кездесті. Оның 5-уі Қазақстанның жеңісімен аяқталса, қалғанында италиялық құрама басым түсті.

Еске салсақ, бұдан бұрын қазақстандық хоккейшілер Дания, Франция, Швейцария, Канада, Словакия және Германия құрамаларынан жеңілді.


Соңғы жаңалықтар