Хоккейден әлем чемпионаты: Қазақстанның жасөспірім қыздары өз тобында бірінші орын алды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден 18 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық жасөспірім қыздар бесінші мәрте жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, ел құрамасы екінші дивизионында В тобында сынға түсті. Қарсыластары - Болгария, Жаңа Зеландия, Бельгия, Эстония, Исландия.

Бұған дейін ҚР хоккейшілері Болгарияны - 8:1, Жаңа Зеландияны - 7:1, Бельгияны 5:3, Эстонияны 8:0 есебімен жеңген еді.

Қазақстандық хоккейшілер бесінші кездесуінде Исландия құрамасымен кездесті. Екі құраманың да өз тобында бірінші орын алуына мүмкіндігі болды. Исландиялық хоккейшілер жеңіске жеткен жағдайда турнир кестесінде көш басына шығатын еді.

Бірінші кезеңде ел құрамасынан София Зубкова 15, 18-минутында мергендік танытты. Ол бұған дейінгі төрт кездесуде он гол соғып үлгерді.

Екінші кезеңде қазақстандық Мадианна Нүсіпова 21, Анастасия Филимонова 28, София Раковская 33-минутта гол соқса, София Зубкова 36-минутта хет-триктің авторы атанды.

Ал 36-минутта София Раковская тағы бір шайбаны соқты.

Осылайша қазақстандық хоккейшілер қарсыласынан 7:0 есебімен басым түсті.

Қорытынды ойын кестесінде қазақстандық хоккейшілер 15 ұпаймен бірінші орын алды. Одан кейінгі орындардағы Бельгияның 11, Исландияның 9, Жаңа Зеландияның 6, Болгарияның 4, Эстонияның 0 ұпайы бар.

Осылайша қазақстандық хоккейшілер енді екінші дивизионның А тобында сынға түсуге мүмкіндік алды.


Соңғы жаңалықтар