Хоккейден әлем чемпионаты: Қазақстанның жасөспірім қыздары екінші мәрте ірі жеңіске жетті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден 18 жасқа дейінгі жасөспірім қыздар арасындағы әлем чемпионатында қазақстандықтар екінші жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ел құрамасы екінші дивизионында В тобында сынға түседі. Қарсыластары - Болгария, Жаңа Зеландия, Бельгия, Эстония, Исландия.

Қазақстандық хоккейшілер бүгін, 28 қаңтарда Жаңа Зеландиямен шеберлік байқасты. Бұл кездесу 26 қаңтарда өтуі тиіс болатын. Бірқатар себеппен ол кейінге шегерілген еді.

Кездесу барысында қазақстандық хоккейшілер басымдық танытты. Алғашқы кезеңде ел құрамасынан София Раковская 12, Мадианна Нүсіпова 13-минуттарда мергендік танытты.

Екінші кезеңде қазақстандықтар сапынан София Зубкова 23, 28-минуттарда екі гол соқса, үшінші кезеңде 45, 49-минуттарда тағы екі мәрте қақпаны дәл көздеді. Ойынның 52-минутында Мадианна Нүсіпова кездесудегі өзінің екінші шайбасын соқты. Жаңа Зеландия құрамасы қазақстандық қақпашыны бір мәрте қапы қалдырды.

Осылайша қазақстандық хоккейшілер 7:1 есебімен басым түсіп, екінші жеңісіне қол жеткізді.

Енді ел құрамасы 29 қаңтарда Бельгия, 31 қаңтарда Эстония, 2 ақпанда Исландиямен кездеседі.

Еске салсақ, бұдан бұрын қазақстандық хоккейшілер Болгарияны 8:1 есебімен жеңді.

Соңғы жаңалықтар