Хоккейден ӘЧ: Қазақстан құрамасы жоғары дивизионға бірінші орынмен шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласында шайбалы хоккейден Әлем чемпионатының бірінші дивизионының А тобындағы ойындар мәресіне жетті. Соңғы турда Қазақстан құрамасы Венгриямен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан хоккейшілері алдымен Словенияны 3:2 есебімен жеңсе, одан кейін Литвадан 3:1 есебімен басым түсті. Үшінші турда Оңтүстік Кореяны 4:1 есебімен жеңді . Ал 4 мамырда Қазақстан құрамасы басты қарсыласы - Беларусьті овертаймда 3:2 есебімен жеңіп кетті.

Бүгінгі кездесуде Венгрия біздің құрамаға тегеурінді қарсылық көрсетті. Нәтижесінде бірінші кезеңде екі құрама да бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Ал екінші кезеңнің 23-минутында қазақстандық Никита Михайлис мергендік танытты. Бұдан кейін Венгрия сапынан Иштфан Шофрон ойынның 45-минутында есеп айырмасын қысқартты. Ал 57-минутта қазақстандық Евгений Рымарев гол соқты.

Осылайша біздің құрама Әлем чемпионатының бірінші дивизионының А тобындағы барлық ойында жеңіске жетті. Өз тобында бірінші орын алды. Екінші орын Беларусь құрамасына бұйырды. Дегенмен беларусь жігіттері бүгін Оңтүстік Корея құрамасынан 1:4 есебімен жеңіліп қалды. Ал Словения Латвияны 9:0 есебімен ойсырата жеңді.

Алғашқы екі орын алған Қазақстан мен Беларусь құрамалары алдағы жылы үздіктер сынға түсетін А дивизионына жолдама алды.

Естеріңізге сала кетелік, Қазақстан хоккейшілері аталмыш дивизионда соңғы рет 2016 жылы бақ сынаған еді.

Соңғы жаңалықтар