Хоккей: Қазақстандық жастар Швейцарияға есе жіберді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Чехияда шайбалы хоккейден 20 жасқа дейінгі жастар құрамалары арасында әлем чемпионаты басталды. Аталмыш додаға қатысып жатқан Қазақстан жастары Швейцариямен шеберлік байқасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш кездесу тартысты өтті деуге негіз бар. Қазақстандық жастар қарсыласымен терезесі тең ойын көрсетті. Есепті 2-минутта Швейцария сапынан Мэттью Вербун ашқан еді. Ойының 15-минутында қазақстандық хоккейші Максим Мусоров таразы басын теңестірді. Ал 18-минутта қарсыластар сапынан Жереми Гербер өз құрамасын тағы да алға шығарды.

Екінші кезеңде қазақстандық жастар жақсы ойын өрнегімен көзге түсті. Кездесудің 24-минутында Руслан Демин гол соғып, таразы басы тағы да теңесті. Швейцариялық Йоэль Зальцгебер 30-минутта өз құрамасын қайтадан алға шығарса, 35-минутта Максим Мусоров тағы да есепті теңестірді.

Үшінші кезеңде Швейцария екі шайба соғып, қорытынды есепті белгіледі. Голдарды Джан-Марко Веттер мен Мэттью Вербун 48 және 53-минуттарда өздерінің еншісіне жазды. Нәтижесінде қазақстандық жастар қарсыласына 3:5 есебімен жеңіліп қалды.

Естеріңізге сала кетелік, қазақстандық хоккейшілер А тобында сынға түседі. Қарсыластары - Финляндия, Швейцария, Швеция және Словакия құрамалары.

Енді қазақстандық жастар 27 желтоқсанда Словакиямен кездессе, одан кейін 29 желтоқсанда Финляндия, 30 желтоқсанда Швеция құрамаларымен бақ таластырады.

Сондай-ақ, әлем чемпионатында В тобында Чехия, Германия, Канада, АҚШ және Ресей құрамалары сынға түседі.

Қазақстан жастар құрамасы әлем чемпионатына 1993 жылдан бері қатысып келеді. Осы кезеңде олар әртүрлі дивизионда бақ сынады. Қазақстандық хоккейшілер топ-дивизионда 1998-2001, 2008-2009 жылдар аралығында сынға түскен. 2017 жылы Францияда өткен бірінші дивизионның А тобында көш бастап, үздіктер қатарына сегіз жылдан астам уақыттан кейін қайта оралды.




Соңғы жаңалықтар