Хоккей: Қазақстандық жастар құрамасының қарсыластары кімдер

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Чехияның Острава және Тршинец қалаларында шайбалы хоккейден жастар арасындағы әлем чемпионаты жалауын көтереді. Аталмыш додаға қазақстандық жастар құрамасы да қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық хоккейшілер А тобында сынға түседі. Қарсыластары - Финляндия, Швейцария, Швеция және Словакия құрамалары. Олардың қай-қайсысы да осал қарсылас емес. Сондықтан қарсыластарымыз жайында кеңірек мәлімет бере кеткеніміз артық болмас.

Алдымен Финляндия құрамасынан басталық. Финляндия бүгінгі күнге дейін 5 мәрте чемпион атанса, 4 мәрте күміс, 6 мәрте қола жүлдегер атанған. 2019 жылы аталмыш құрама алтыннан алқа тақты. Сондықтан олар биыл сол атағын қорғау жолында бар күшін салатыны анық. Өткен жылы Финляндия қазақстандық жастардан 5:0 есебімен басым түскен еді.

Швеция жылма-жыл жүлдегерлер қатарынан көрініп келе жатқан құраманың бірі саналады. Аталмыш құрама 2 мәрте алтын, 11 мәрте күміс, 5 мәрте қола жүлдегер атанды. Соңғы сегіз әлем чемпионатында 4 мәрте үздік үштіктен көрінді. Осының өзі олардың әлеуеті қандай екенін айғақтайды. Былтыр қазақстандық жастар құрамасы аталмыш қарсыласынан 1:4 есебімен жеңіліп қалды. Олар былтыр жалпы есепте бесінші орыннан аса алған жоқ.

Швейцария құрамасы да ешкімге де оңай шағыла қоймайды. Десе де әзірге ауыз толтырып айтарлық жетістігі көп емес. 1998 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдеге қол созған болатын. 2019 жылы Швйцария төртінші орын алды.

Тағы бір қарсыласымыз - Словакия бүгінгі күнге дейін екі мәрте қола жүлдеге қол созды. Аталмыш құрама әлем чемпионатында негізінде алғашқы сегіздіктен жиі көрініп келеді. Былтыр Қазақстан жастары олардан 2:11 есебімен жеңіліп қалған еді. Словакия 2019 жылы сегізінші орынды қанағат тұтты.

Қазақстан жастар құрамасы әлем чемпионатына 1993 жылдан бері қатысып келеді. Ширек ғасырдан бері біздің хоккейшілер әртүрлі дивизионда бақ сынады. Біздің хоккейшілер топ-дивизионда 1998-2001, 2008-2009 жылдар аралығында сынға түскен. 2017 жылы Францияда өткен бірінші дивизионның А тобында көш бастап, үздіктер қатарына сегіз жылдан астам уақыттан кейін қайта оралды.

Биылғы әлем чемпионаты 2019 жылдың 26 желтоқсаны мен 2020 жылдың 5 қаңтары аралығында өткізіледі. Топтық кезең ойындары 31 желтоқсанда мәресіне жетеді.

Әлем чемпионаты 1977 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бүгінгі күнге дейін 6 құрама чемпиондық атаққа қол жеткізді. Атап айтқанда, Канада - 17, Ресей (КСРО мен ТМД-ны қоса есептегенде) - 13, Финляндия мен АҚШ - 4, Чехия (Чехословакияны қоса есептегенде) - 3, Швеция - 2 мәрте алтын медаль алды. Біздің құрама топ-дивизионда 1999 жылы алғашқы алтылыққа енді. Бұл - бүгінгі күнге дейінгі ең жоғары көрсеткіші. Ал 1997 жылы біздің жігіттер жетінші орынға ие болды.

Бүгін Қазақстан жастар құрамасы Швейцария құрамасымен шеберлік байқасады. Кездесу елорда уақытымен 23.10-де QazSport телеарнасынан көрсетіледі.

Бұдан бұрын хоккейден Қазақстан жастар құрамасы әлем чемпионатына қатысатынын хабарлаған едік.






Соңғы жаңалықтар