Хоккей: Қазақстандық жастар Финляндия құрамасынан жеңілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Чехияда шайбалы хоккейден 20 жасқа дейінгі жастар құрамалары арасында әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы Финляндиямен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Финляндия жастары - аталмыш додада бас жүлдеден үміткер құрамалардың бірі. Олар былтыр әлем чемпионы атағына қол жеткізген еді. Биыл да сондай биіктен көрінуді қалайды.

Қазақстан жастары оларға бірінші кезеңде лайықты қарсылық көрсете білді. Ойынның 6-минутында финн хоккейшісі Патрик Пуйстола есеп ашқан болатын. Оған 10-минутта қазақстандық Андрей Буяльский бір голмен жауап қайырды. Дегенмен қазақстандық жастар қарсыласынан бір шайба жіберіп алды. Ол 14-минутта финляндиялық Кристиан Танустың еншісіне жазылды. Бұдан кейін қарсыластар қазақстандық құрама қақпасына қатарынан бес шайба соғып кетті. Оны 21-минутта Матиас Мччелли, 32-минутта Аату Рятю, 47-минутта Патрик Пуйстола, 53-минутта Микко Кокконен, 57-минутта Ким Ноускайнен соқты. Осылайша қазақстандық жастар қарсыласынан 1:7 есебімен жеңіліп қалды.

Бұған дейін қазақстандық жастар Швейцариядан 3:5, Словакиядан 1:3 есебімен жеңіліп қалған еді. Енді олар 30 желтоқсанда Швеция құрамасымен бақ сынасады.

Қазақстан жастар құрамасы әлем чемпионатына 1993 жылдан бері қатысып келеді. Осы кезеңде олар әртүрлі дивизионда бақ сынады. Қазақстандық хоккейшілер топ-дивизионда 1998-2001, 2008-2009 жылдар аралығында сынға түскен. 2017 жылы Францияда өткен бірінші дивизионның А тобында көш бастап, үздіктер қатарына сегіз жылдан астам уақыттан кейін қайта оралды.



Соңғы жаңалықтар