Хоккей: Қазақстандық шабуылшы сұрмергендер қатарында екінші орында тұр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Чехияда өтіп жатқан шайбалы хоккейден 20 жасқа дейінгі жастар құрамалары арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының шабуылшысы Максим Мусоров сұрмергендер көшінде екінші орында келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан жастар құрамасы әлем чемпионатында төрт кездесу өткізіп, барлығында қарсыластарына есе жіберді. Алдымен Швейцариядан 3:5 есебімен жеңілген қазақстандық хоккейшілер одан кейін Словакиядан 1:3, Финляндиядан 1:7 , Швециядан 2:6 есебімен жол берді. Аталмыш төрт кездесуде Максим Мусоров төрт голдың авторы атанды. Сұрмергендер көшін швед хоккейшісі Самуэль Фагемо 6 голмен бастап тұр. Одан кейінгі орындағы Максим Мусоровтан өзге Роберт Джуган (Словакия), Артур Калиев, Шейн Пинто (екеуі - АҚШ), Патрик Пуйстола (Финляндия), Либор Забрански (Чехия) сынды хоккейшілердің еншісінде төрт-төрт шайбадан бар.

Қазақстан жастар құрамасы енді 2, 4, 5 қаңтар күндері Германиямен жұбаныш кезеңінде шеберлік байқасады.


Соңғы жаңалықтар