Хоккей: Қазақстандық өрендер «Азия балалары» ойындарында «қола» алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Сахалин облысында «Азия балалары» спорттық ойындарында хоккейден 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қазақстан шайбалы хоккей федерациясына сілтеме жасап.

Біздің өрендер қола жүлде үшін сайыста Қиыр шығыс федералды округі құрамасымен сынға түсті. Қазақстан құрамасы оларды 5:2 есебімен тізе бүктірді.

Естеріңізге сала кетелік, топтық кезеңде қазақстандық өрендер үш ойын өткізді. Алдымен Орал федералды округі құрамасынан 0:4 есебімен жеңіліп қалды. Одан кейін Түркіменстан жасөпірімдер құрамасынан 34:0 есебімен басым түсті. Соңғы кездесуінде Якутия өрендерін де ірі есеппен жеңді. Есеп 18:1. Осылайша біздің жас хоккейшілер жартылай финалға жолдама алды.

Жартылай финалда оларға Сібір федералды округі құрамасының өрендері жолықты. Бұл жолы біздің өрендер қарсыласына 4:8 есебімен жол беріп қойды. Ал финалдық кездесуде Орал федералды округі командасы Қиыр Шығыс федералды округі хоккейшілерін 8:1 есебімен жеңіп, чемпиондық атаққа қол жеткізді.

«Азия балалары» ойыны 1996 жылдан бері Халықаралық олимпиада комитетінің қолдауымен өткізіліп келеді. Биылдан бастап тұңғыш рет халықаралық «Азия балалары» қысқы спорт ойындары жалауын көтерді. Бұл шешім 2016 жылы Якутияда қабылданған еді.

Соңғы жаңалықтар