Хоккей: Қазақстан жастары жоғары дивизионда орнын сақтап қала ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Чехияда өтіп жатқан шайбалы хоккейден 20 жасқа дейінгі жастар құрамалары арасындағы әлем чемпионатында бүгін Қазақстан құрамасы Германиямен жұбаныш кезеңіндегі алғашқы ойынын өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Германия құрамасы былтыр бірінші дивизионда жеңімпаз атанып, жоғары дивизионда бақ сынауға мүмкіндік алған еді. Неміс хоккейшілері В тобында Канада, АҚШ, Ресей, Чехия құрамаларымен ойнады. Бір кездесуде жеңіске жеткен олар қалғанында қарсыластар ығына жығылды. ӨЗ тобында соңғы орынды місе тұтты.

Германия жастары 1977 жылғы алғашқы әлем чемпионатында жоғары дивизионда бақ сынаған болатын. Сол жылы жалпы есепте жетінші орынға тұрақтады. Неміс хоккейшілері көп жылдар бойы жоғары дивизионда ойнағанына қарамастан әзірге толайым табыстарға қол жеткізе алмай келеді. Әзірге ең жоғары жетістігі ретінде 1981 жылғы додада бесінші орын алғанын айтуға болады.

Қазақстан жастар құрамасы әлем чемпионатына 1993 жылдан бері қатысып келеді. Ширек ғасырдан бері біздің хоккейшілер әртүрлі дивизионда бақ сынады. Біздің хоккейшілер топ-дивизионда 1998-2001, 2008-2009 жылдар аралығында сынға түскен. 2017 жылы Францияда өткен бірінші дивизионның А тобында көш бастап, үздіктер қатарына сегіз жылдан астам уақыттан кейін қайта оралды. 2018 жылы Қазақстан жастары жұбаныш кезеңіндегі екі кездесуде Даниядан басым түсіп, жоғары дивизиондағы орнын сақтап қалған болатын. Біздің құрама жоғары дивизионда 1999 жылы алғашқы алтылыққа енді. Бұл - бүгінгі күнге дейінгі ең жоғары көрсеткіші. Ал 1997 жылы біздің жігіттер жетінші орынға ие болды.

Қазақстандық хоккейшілер биыл А тобында сынға түсті. Топтық кезеңде Финляндия, Швейцария, Швеция және Словакия құрамаларымен айдынға шығып, барлығында жеңіліп қалды.

Қазақстан жастар құрамасы әлем чемпионатында төрт кездесу өткізіп, барлығында қарсыластарына есе жіберді. Алдымен Швейцариядан 3:5 есебімен жеңілген қазақстандық хоккейшілер одан кейін Словакиядан 1:3, Финляндиядан 1:7, Швециядан 2:6 есебімен жол берді.

Қазақстан мен Германия хоккейшілері арасындағы кездесу елорда уақытымен 15.00-де басталады. Ойын QazSport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Сондай-ақ, бүгін, 2 қаңтарда ширек финал ойындары басталады. Жарыстың аталмыш сатысында Швейцария мен Ресей, Канада мен Словакия, АҚШ пен Финляндия, Швеция және Чехия құрамалары кездеседі. Ал 4 қаңтарда жартылай финал өткізілсе, 3 орын иегері мен чемпион 5 қаңтарда анықталады. 2019 жылы Финляндия құрамасы алтыннан алқа таққан



Соңғы жаңалықтар