Хоккей: Қазақстан жастары бірінші дивизионға түсіп қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден 20 жасқа дейінгі әлем чемпионатында Қазақстан жастар құрамасы енді бірінші дивизионда бақ сынайтын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан жастары бүгін әлем чемпионаты жұбаныш кезеңіндегі үшінші ойында Германиядан жеңіліп қалды. Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын 2 қаңтардағы алғашқы кездесуде Германия 4:0 есебімен басым түссе, 4 қаңтарда қазақстандық хоккейшілер оларды 4:1 есебімен тізе бүктірген еді. Бүгінгі ойында жеңіске жеткен құрама топ-дивизиондағы орнын сақтап қалатын еді.

Неміс хоккейшілері соңғы ойынға тас-түйін дайындықпен шыққан тәрізді. Кездесу басталған сәттен ойын тізгінін өз қолына алды. Бірінші кезеңнің 12-минутында неміс хоккейшісі Доминик Бокк есеп ашса, екінші кезеңнің 30-минутында ол есепті үстемелей түсті. Ал 31-минутта Тим Плейчер, 33-минутта Лукас Райхель, 34-минутта Никлас Хайнцингер қатарынан үш шайба соғып кетті. Соңғы минуттарда Эрик Мак қорытынды есепті белгіледі. Осылайша Қазақстан қарсыласынан 0:6 есебімен жеңіліп қалды.

Қазақстан жастар құрамасы әлем чемпионатында А тобында төрт кездесу өткізіп, барлығында қарсыластарына есе жіберді. Алдымен Швейцариядан 3:5 есебімен жеңілген қазақстандық хоккейшілер одан кейін Словакиядан 1:3, Финляндиядан 1:7, Швециядан 2:6 есебімен ұтылды.

2018 жылы Қазақстан жастары жұбаныш кезеңіндегі екі кездесуде Даниядан басым түсіп, топ-дивизиондағы орнын сақтап қалған болатын.


Соңғы жаңалықтар