Хоккей: Қазақстан қатарынан үшінші жеңісіне қол жеткізді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Нұр-Сұлтанда шайбалы хоккейден әлем чемпионатының бірінші дивизионы А тобында үшінші тур ойындары өтті. Аталмыш топта сынға түсіп жатқан Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореядан басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі кездесуде алдымен біздің құрамадан Павел Акользин 3-минутта шайба соғып көзге түсті. Ал 17-минутта Леонид Метальников есепті үстемелей түсті. Екінші кезеңнің 30-минутында қазақстандық Дмитрий Шевченко мергендік танытты. Ал 51-минутта Оңтүстік Корея құрамасынан Сан Ву Сина бір шайба соғып, есеп айырмасын қысқартқан еді. Қорытынды есеп 53-минутта белгіленді. Біздің құрамадан Никита Клещенко қарсыластар қақпасынан саңылау тапты. Қазақстан аталмыш қарсыласын 4:1 есебімен тізе бүктірді.

Айта кетерлігі, бұған дейінгі екі құраманың бес кездесуінде төрт мәрте қазақстандық спортшылар басым түскен еді. Тек 2017 жылдың 23 сәуірінде Украина астанасы - Киевте өткен кездесуде еліміздің хоккейшілері аталмыш қарсыласынан алғаш рет 2:5 есебімен жеңіліп қалды. Қазақстандық хоккейшілер сол кеткен есесін бүгін қайтарды.

Осылайша Қазақстан құрамасы үшінші ойында қатарынан жеңіске жетті. Қазір турнир кестесінде екінші орында тұр. Алда - Беларусь құрамасы. Олар қазақстандықтардан доп айырмасымен ғана алға шығып отыр.

Бүгін бұл топта тағы екі кездесу өтті. Беларусь Словенияны, Венгрия Литваны 4:1 есебімен жеңді.

Төртінші тур ойындары 3 және 4 мамыр күндері өтеді. 3 наурызда Венгрия мен Словения, 4 наурызда Оңтүстік Корея мен Литва, Қазақстан мен Беларусь құрамалары кездеседі.

Соңғы жаңалықтар