Хоккей: «Барыс» сырт айдында Финляндия командасын жеңді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасы аясында елордалық «Барыс» бүгін cырт айдында Финляндияның «Йокерит» (Хельсинки) командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі команда турнир кестесінде қатарлас келеді. Екеуінің де турнирдің плей-офф кезеңіне жолдама алуына мүмкіндігі зор. Сондықтан командалар жеңіске жетуге күш салатыны белгілі болатын.

Қазақстандық клуб бірінші кезеңде алғашқы болып есеп ашты. Ойынның 18-минутында «Барыс» хоккейшісі Фил Вароне мергендігімен көзге түсті.

Екінші кезеңде есеп өзгертетін көптеген мүмкіндік болған еді. Десе де таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.

Үшінші кезеңде 42-минутта финляндиялық хоккейші Алекс Грант таразы басын теңестірді. Ал 51-минутта «Барыс» сапынан Кёртис Валк өз командасын алға шығарды. Ол 56-минутта тағы бір мәрте гол соқты. «Барыс» сапынан 59-минутта Антон Сагадеев қорытынды есепті белгіледі. Есеп 4:1. Елордалық клуб жеңіске жетті.

Енді елордалық клуб сырт айдында тағы екі ойын өткізеді. Алдымен 21 қаңтарда Ресейде «Динамо» (Мәскеу), 23 қаңтарда «Витязь» (Подольск) клубтарымен шеберлік байқасады.

Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын «Барыс» елордада Ресейдің «Амур» (Хабаровск) командасынан басым түсті.


Соңғы жаңалықтар