Хоккей: «Барыс» Ресейде «Ак Барс» командасынан жеңілді

None
Ашық көздерден алынған фото
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын бүгін Ресейде «Ак Барс» (Қазан) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордалық хоккейшілер плей-офф сатысына шығуды қалайды. Сондықтан олар үшін әрбір ойынның маңызы артып тұр. Ал турнир кестесінде «Ак Барс» 8-орынға жайғасқан.

Кездесудің алғашқы минутынан қос команда бірден шабуыл шебінде бой көрсетті. Ресейлік хоккейшілер жылдам гол соғу мүмкіндігін іздеді. Нәтижесінде 11-минутта «Ак Барс» хоккейшісі Дмитрий Воронков командасын алға шығарды.

Аталған голдан кейін «Барыс» таразы басын теңестіруге ұмтылған еді. Көп ұзамай ойлағандары жүзеге асты. Елордалық клуб сапынан Антон Сагадеев 18-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Ойынның 42-минутында ресейлік клубтан Михаил Глухов жеңіс шайбасын соқты.

Осылайша «Барыс» қарсыласына 1:2 есебімен жол берді.

Енді «Барыс» алдағы ойынын 3 ақпанда Реесйдің «Динамо» (Мәскеу) командасына қарсы өткізеді.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» елордада ресейлік «Динамодан» жеңіліп қалды.


Соңғы жаңалықтар