Хоккей: «Барыс» овертаймда «Торпедодан» ұтылып қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының кезекті ойынын Астананың «Барысы» Нижний Новгородта жергілікті «Торпедо» командасымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Торпедо» осыған дейінгі үш кездесуінде жеңіске жетіп, ҚХЛ-дағы көш бастаушы командалардың бірі болғанымен, Беларусь маманы Андрей Скабелка жаттықтыратын астаналықтар матчты қарқынды бастап, бірінші кезеңнің аяғына таман 2:0 есебімен алға шықты.

Алдымен сан басымдылығын пайдаланған Роман Старченко 17-минутта есеп ашты. Арада бір минут өтер-өтпесте Дмитрий Шевченконың пасынан кейін «Барыстың» жас шабуылшысы, 22 жасар Әлихан Әсетов мергендік танытты.

Екінші кезең басталысымен «Барысқа» биыл қайтып оралған команда капитаны Брэндон Боченски (пас берген Максим Семенов) 21-минутта шайбаны торда тулатып, есепті 3:0-ге жеткізді. Сол бойда «Торпедо» командасының бас бапкері, канадалық Дэвид Немировски ойыны жүрмеген қақпашы Денис Костиннің орнына Андрей Тихомировты шығарды.   «Барыстың» қақпасын үшінші матч қатарынан Хенрик Карлссон қорғады.

Екінші кезең бел ортасынан ауа бере айдын иелері ойын тізгінін қолға алды. Алдымен 31-минутта Даниил Ильин есепті қысқартты. Бұдан кейін астаналықтардан Кирилл Полохов, Валерий Орехов, Дмитрий Шевченко бірінен соң бірі айдыннан қуылып, жағдай қиындай түсті. Дегенмен дәл осындай сәтте қақпашымен жекедара шыққан Антон Сагадеев өз мүмкіндігін пайдалана алмады. Бір ойыншысы кем кезде елордалықтар қорғана білгенімен, Дамир Жафяров ұшқыр шабуылдан кейін 37-минутта Павел Макаренконың көмегімен дәл соққы жасай білді - 2:3.

Үшінші, шешуші кезең хоккейшілердің шекісуімен басталды. «Торпедо» ойыншысы Кирилл Ураков тәртіп бұзып қана қоймай, соны «жуып-шайғысы» келгендей, жұдырығын ала жүгірді. «Барыс» сан басымдылығына ие болғанымен, оны пайдалана алмады. Бұдан соң Д.Жафяров айдыннан қуылды. Қақпа алдындағы қарбалас сәтті 44-минутта Роман Старченко мүлт жіберген жоқ - 4:2. Бұл Романның биылғы маусымдағы төртінші, осы ойындағы екінші голы еді.

Іле-шала «Торпедо» құрамындағы канадалық легионер Эндрю Кэлоф кері серпілген шайбаны қақпаға тоғыта салды.

Астаналықтар да қарап қалмай, канадалық Даррен Диц пен швециялық Андре Петерссонның көмегімен тағы бір канадалық Патрис Кормье 47 минутта есепті 5:3-ке жеткізді.

 «Барыстың» қорғаушысы Кевин Даллман айдыннан қуылған сәтте «Торпедодан» 52-минутта Владимир Галузин мергендік танытса, бір минут өтер-өтпесте Энди Мили таразы басын теңестіріп үлгерді - 5:5. Жергілікті хоккейшілер қарқынын үдете түсіп, астаналықтар көбірек қорғануға мәжбүр болды.

Осылайша негізгі уақыт тең аяқталып, матч овертаймға ұласты.

Қосымша уақытта «Барыс» сапындағы канадалық шабуылшы Кёртис Валк тәртіп бұзып, командасын қиын жағдайда қалдырды. Мұны Э.Кэлоф мүлт жібермей, қос голдың авторы атанып, «Торпедо» командасына жеңіс әперді.

Бұл кездесуде елордалық ойыншылар көбірек тәртіп бұзбағанда, жеңіске жететін мүмкіндіктері де мол еді.

Еске сала кетейік, астаналықтар  жаңа маусымды сәтті бастап, 5 қыркүйекте Нижнекамск қаласында «Барысты» бұрын жаттықтырған Андрей Назаровтың командасы - «Нефтехимикті» 6:1 есебімен ойсырата ұтты. Содан кейін Қазанда 7 қыркүйекте ҚХЛ-дағы ең азулы клубтардың бірі «Ақ Барыспен» терезесі тең ойын өрнегін көрсеткенімен, 3:4 есебімен есе жіберді.

Астаналықтар енді елордаға оралып, «Барыс Аренадағы» алғашқы кездесуін 12 қыркүйекте сол «Нефтехимик» командасымен өткізеді. Өз айдынында ірі есеппен жеңіліп, жерге қараған А.Назаровтың шәкірттері бұл ойында қарымта қайтаруға тырысатыны анық. 

Соңғы жаңалықтар