Хоккей: «Барыс» овертаймда «Салават Юлаевты» ұтып, плей-офф кезеңіне жолдама алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының кезекті матчында Астананың «Барысы» өз айдынында Уфаның «Салават Юлаев» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Салават Юлаев» - ҚХЛ-дағы мықты командалардың бірі. «Барыс» 67 ұпаймен Шығыс конференциясында бесінші орында келе жатса, одан алты ұпайы кем башқұртстандық команда алтыншы сатыға жайғасқан-ды.

Матчтың тартысты болғаны сондай, қарсыластар үш кезең бойы бір-бірінің қақпасын ала алмады. Қонақтар айдыннан жиірек қуылғанымен, Андрей Скабелканың шәкірттері ұрымтал сәттерді мүлт жіберді.

Овертайм да «Барыстың» сан басымдылығымен басталғанымен, оны айдын иелері пайдалана алмады. Дегенмен көп ұзамай канадалық Патрис Кормье жеңіс голын соқты - 1:0.

Осылайша ұпай санын 69-ға жеткізген астаналықтар плей-офф кезеңіне мерзімінен бұрын шықты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Барыстың» өз айдынында Мәскеудің «Спартагына» есе жібергенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар