Хоккей: «Барыс» Найджел Доустың командасына есе жіберді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Құрлықтық хоккей лигасының кезекті матчында «Барыс» өз айдынында Екатеринбургтың «Автомобилист» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Автомобилист» Шығыс конференциясында 55 ұпаймен көш бастаса, астаналықтар (44 ұпай) бесінші орында келеді.

Бір қызығы, бұдан бұрын «Барыстың» капитаны болып, жасындай жарқылдаған Найджел Доус биылдан бастап «Автомобилиске» ауысып, қараша айының қорытындысы бойынша 14 ұпаймен (7 гол+7 пас) ҚХЛ-дың үздік шабуылшысы атанды. Дегенмен, одан «Барыстың» сапындағы Даррен Диц те қалыспай, 12 ұпаймен (3+9) үздік қорғаушы атағына ие болды.

Астаналықтар құрамындағы капитан Брэндон Боченски бастаған бірнеше негізгі ойыншының жарақат алып, қатардан шығуы «Барысқа» оңай тиген жоқ. Соның да әсері болар, бұдан бұрын өз айдынындағы үш кездесуде елордалықтар жеңіліс тапты. Дегенмен, содан соң сырт айдындағы үш матчтың екеуінде жеңіске жетіп, жағдайын қайта түзегендей болды. Бұл ойындарда Алексей Маклюков, Әлихан Әсетов, Антон Сагадеев сынды жас хоккейшілер де өздерін жақсы қырынан көрсете білді.

«Барыстың» капитаны Кевин Даллман ҚХЛ-дағы 600-інші матчын өткізсе, Роман Старченко 500-ге жеткізді.

«Барыс Аренадағы» кездесу қонақтардың тәртіп бұзуымен басталып, оны астаналықтар пайдалана алған жоқ. Мұндай мүмкіндікті «Автомобист» те мүлт жіберді. Р.Старченко қақпашы Якуб Коваржбен жеке дара шыққанымен, оған сәттілік жетіспеді.

Көп ұзамай ойын тізгінін меймандар қолға алып, 9-минутта «Автомобилистің» капитаны Н.Доустың пасынан кейін Стефан Де Коста чехиялық Доминик Граховина қорғаған қақпадан саңылау тапты. Бұдан кейін «Барыс» сапындағы канадалық шабуылшы Кертис Волк бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберді. Керісінше 16-минутта Егор Миловзоровтың пасынан кейін қақпа бұрышында жалғыз қалған Александр Кучерявенкоға гол соғу еш қиындық келтірген жоқ.

Бірінші кезеңнен кейін «Автомобилист» 2:0 есебімен алда тұрды. Оның үстіне Роман Старченконың жарақат алуы «Барыстың» жағдайын қиындата түсті.

Екінші кезең басында «Автомобилист» сапындағы франциялық шабуылшы Стефан Де Коста екінші мәрте тәртіп бұзып, астаналықтар тағы да сан басымдығына ие болғанымен, одан еш нәтиже шығара алмай, өздеріне гол өткізіп ала жаздады.

Евгений Грачев айдыннан қуылған сәтте де «Барыс» бұл мүмкіндігін пайдалана алмады. Дегенмен 35-минутта Кевин Даллманның пасынан кейін Павел Акользин есепті қысқарта алды. Алайда минут жарымдай уақыт өтер-өтпесте Найджел Доус қарымта шабуыл кезінде өзінің биылғы маусымдағы 16-ыншы голын соқты - 3:1. Сәлден кейін Дастин Бойд айдыннан қуылған сәтті пайдаланған Анатолий Голышев қақпа жақтауынан кері серпілген шайбаны дәл соға білді - 4:1.

Үшінші кезеңде Н.Доустың пасынан кейін Стефан Де Коста есепті 5:1-ге жеткізді. «Барыстың» қорғаныс шебін жалғыз өзі жарып өткен Артем Гареев те Д.Граховинаны қапы қалдырды - 6:1. Бұдан соң қақпаға Хенрик Карлссон тұрды. Есесіне «Автомобилистің» қақпашысы Якуб Коварж матч барысында сәтті ойнап, көптеген қауіпті соққыларды қайтара білді.

П.Акользин тәртіп бұзып, айдыннан қуылған соң Н.Доус осы матчтағы екінші голын соқты - 7:1.

Кездесу аяқталуға 2 минуттай уақыт қалғанда, Никита Михайлистің соққысын Я.Коварж қайтарып үлгергенімен, Кертис Волкка ештеңе жасай алмады.

Осылайша «Автомобилист» 7:2 есебімен жеңіске жетті.

Андрей Скабелка жаттықтыратын «Барыс» енді 3 желтоқсанда «Металлург» (Магнитогорск), 6 желтоқсанда «Трактор» (Челябі) командаларын қабылдайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын  «Барыстың» «Северсталь» командасын ұтқанын жазған болатынбыз. 


Фото: hcbarys.kz

Соңғы жаңалықтар