Хоккей: «Барыс» 3:0 есебімен жеңіп тұрып, «Авангардтан» ұтылып қалды

None
None
АСТАНА.ҚазАқпарат  - «Барыс» ҚХЛ-дағы биылғы соңғы кездесуін Омбыда жергілікті «Авангардпен» өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осыған дейін 45 ойыннан 59 ұпай жинаған омбылықтар Шығыс конференциясында екінші орында тұрса, 41 матчтан 58 ұпай жинаған «Барыс» бесінші сатыда еді. Сондықтан құйрық тістесіп келе жатқан командалар үшін бұл бәсеке аса маңызды еді. 

Бірінші кезеңнің соңына таман елордалықтар шеберліктерін танытып, сәтті ойнай білді. 17-минутта Павел Акользин мен Дастин Бойдтың пасынан кейін Дмитрий Шевченко есеп ашты. 19-минутта Антон Сагадеев пен П.Акользиннің көмегімен Д.Шевченко есепті 2:0-ге жеткізді.

«Авангардтың» бас бапкері, канадалық Боб Хартли екінші кезеңде қақпаға Игорь Бобковтың орнына Иван Налимовты қоюға мәжбүр болды. Әйтсе де И.Налимов та өз қақпасын аман сақтап қала алмады. Сан басымдылығына ие болған кезде 28-минутта Патрис Кормьенің пасынан кейін Даррен Дицтің соққысынан соң кері серпілген шайбаға бірінші жеткен Андре Петерссонға қақпаның ашық тұсын көздеу қиын болған жоқ. Бұдан кейін айдын иелері жиі-жиі сан басымдылығына ие болып, шабуылды үдеткенімен, қақпашы Хенрик Карлссон бастаған қорғаныс шебі сыр бере қоймады.

Бұл тайталас үшінші кезеңде де жалғасты. Қарсы шабуылға шыққан мезетте П.Кормье тамаша мүмкіндікті пайдалана алмады. Кездесу барысында Х.Карлссон қырықтан астам сейв жасап, командасын голдан құтқарып жатты. Оның қақпасына екі мәрте шайба кіргенімен, бейнеқайталауды қарап көрген төрешілер гол болды деп есептеген жоқ. Дегенмен Х.Карлссон 51-минутта «Авангардтың» шабуылшысы Кирилл Петровтың соққан шайбасын қайтарғанымен, Алексей Емелинге еш амал істей алмады - 3:1.

Кездесу аяқталуға үш жарым минут уақыт қалғанда, Кертис Волк тәртіп бұзып, айдыннан қуылғаннан кейін омбылықтар қақпашысын алтыншы ойыншыға ауыстырды. Бұл тактика өз жемісін беріп, К.Петров есепті қысқартты. Содан соң Евгений Медведев таразы басын теңестіріп үлгерді - 3:3.

Овертаймда қарсыластар бірін-бірі ала алмағаннан кейін бәсеке буллит сериясына ұласты. Мұнда «Авангард» командасы жеңіске жетті.

Осылайша қолда тұрған жеңістен айырылып қалған астаналықтар турнир кестесінде омбылықтарды қуып жете алмады.

Жаңа жылда «Барыстың» сырт айдындағы сериясы жалғасады. 3 қаңтарда Мәскеуде «Спартакпен» күш сынасса, екі күннен кейін Сочиде жергілікті командамен шеберлік байқасады. Содан соң Астанаға оралып, өз айдынында қатарынан бес матч өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Барыстың» Челябі қаласында «Тракторды» 3:0 есебімен ойсырата жеңгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар