ХОК өкілдеріне Олимпиада ойындарының қалашығы көрсетілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Халықаралық Олимпиада комитетінің бағалау комиссиясын болашақ Олимпиада ойындарын өткізуге үміткер қаланың нысандарын таныстыру бойынша жұмыс жалғасып жатыр. ХОК өкілдері Олимпиада қалашығының макетін тамашалады.

«Бүгінгі сапалы әрі маңызды кездесу болды. Бағалау комиссиясы мүшелеріне болашақ Олимпиада қалашығын көрсеттік. Спортшылардың жағдайын бірінші кезекте ойлауымыз керек. Жақсы спортшыға жағдай жасалса, олардың дұрыстап тамақтануына, жаттығуына жағдай жасалса, үлкен нәтиже берері сөзсіз. Олимпиада ойындарының қалашығына қатысты олардың ұсыныстары болды. Оны болашақта ескеретін боламыз. Олардың тарапынан қойылған сұрақтың барлығы жауапсыз қалған жоқ», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов.

Жобалаушылардың айтуынша, аталған қалашық қаланың солтүстік шығысында әуежайдан 2,8 км қашықтықта орналасады. Жалпы аумағы 142 га. Алматының орталығынан қалашыққа дейінгі қашықтық 15 шақырымды құрайды.

Олимпиада қалашығында спортшылар, БАҚ өкілдері, қызметшілер тұратын тұрғын жайлардан басқа кафе, ақпараттық орталық, сауда орындары, демалыс орындары орналасатын болады.

Кездесудің үшінші күні жоғары мәртебелі қонақтар Шымбұлақ тау шаңғысы курорты мен Медеу мұз айдынын аралады. Ұлттық олимпиада комитеті мүшелерінің айтуынша, нысандар қонақтар тарапынан жоғары бағаланды.

«Алматының спорт саласындағы визиттік карточкасы - Медеуді, Шымбұлақты көрсеттік. Қаламыздың осындай тарихи нысаны бар екендігін шын мәнінде мақтан тұтамыз. Қос тарапқа да пайдасын тигізетін сұхбат болды. Басты назарды техникалық логистикалық мәселелерге аудардық», - деді «Универсиада-2017 Алматы» атқарушы дирекциясының директоры Илья Оразақов.

Ұлттық олимпиада комитетінің атқарушы кеңес мүшесі, Алматы қаласының өкілі Андрей Крюков Олимпиада ойындарын өткізуге қажетті нысандардың барлығы қалада бар екендігін айтып өтті. «Біздің идеямыздың басты мәні өте кіші радиуста барлық табиғи ресурстар бар екендігін көрсету. Әрі ойындарға кететін бюджеттің тиімділігін атап өту керек. Сондай-ақ, Елбасы қаламыздың тау ресурстарының мүмкіндігі кең көлемде пайдаланылмай жатқанын атап өткен болатын. Олимпиада ойындарын өткізу Алматының тау кластерінің инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік бермек», - деді А.Крюков.

Ұлттық олимпиада комитетінің атқарушы кеңес мүшесі, Алматы қаласының өкілі Андрей Крюков Олимпиада ойындарының тек бір қалада - Алматыда ғана өтетіні соңғы шешім еместігін айтты. «Біз ХОК-не берген концепциямызда тек Алматыны көрсеттік. Ал, Астана қаласының нысандарын қосу-қоспау туралы ХОК өкілдерінің біржақты шешімінен кейін белгілі болды», - деді ол.

Қазіргі таңда жоспарланған 14 Олимпиада нысанының 8-і қалада бар.

Бірнеше спорттық нысандар реконструкциялаудан өтеді.

Соңғы жаңалықтар